Сыбайлас жемқорлық – әлем мемлекеттері үшін ортақ қауіп төндіретін, қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына кедергі келтіретін жаһандық мәселе. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2003 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенцияны қабылдағаннан кейін, 9 желтоқсан осы құбылыспен күрестің халықаралық күні ретінде бекітілді. Бұл күннің мақсаты – мемлекеттердің, мемлекеттік қызметшілердің және азаматтық қоғамның назарын адалдық пен ашықтық қағидаттарына аудару, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу механизмдерін күшейту.
Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүйелі түрде дамытып келеді. Елдің негізгі бағыты – сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресу ғана емес, оның пайда болуына жол бермеу. Осы мақсатта ұлттық заңнама жаңартылып, алдын алу шаралары күшейтілді, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын этикалық талаптар жетілдірілді. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарда ашықтықты қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, қоғамның бақылауын күшейту жұмыстары жалғасуда.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Мемлекеттік қызметшінің әр шешімі, әр әрекеті азаматтардың сеніміне тікелей әсер етеді. Сондықтан адалдық, әділдік және қызметтік жауапкершілік – мемлекеттік қызметтің басты құндылықтары болып саналады. Қоғамда парасаттылық мәдениетін қалыптастыру үшін жастарға дұрыс бағыт беру, білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартушылық жұмыстарын жүргізу, ақпараттық кампанияларды күшейту ерекше маңызды.
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні – тек мерекелік дата емес, қоғамды тазалық пен жауапкершілікке шақыратын маңызды еске салу. Бұл күн әрбір азаматқа өз өмірінде, қызметінде, қоғамда адалдық қағидатын ұстанудың маңызын көрсетеді. Мемлекеттің дамуы, халықтың әл-ауқаты, мемлекеттік органдарға деген сенім – барлығы да сыбайлас жемқорлық деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан әр адам жемқорлықтың кез келген түріне төзбеушілік көрсетуі, парасаттылықты өмір салтына айналдыруы – қоғамның болашағын айқындайтын қадам.
Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясат қалыптастыруға бағытталған. Цифрландыру, ашық бюджет жобалары, мемлекеттік қызмет көрсету процестерін оңтайландыру – осының бәрі халыққа қолжетімді және әділ қызмет ұсынуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың есептілігі мен ашықтығы артқан сайын, қоғам тарапынан сенім күшейеді, ал сенім – жемқорлыққа қарсы күрестің ең басты көрсеткіші.
9 желтоқсан – әділдікке ұмтылған елдер мен азаматтарды біріктіретін күн. Әрбір мемлекеттік қызметші үшін бұл күн – қызметтік адалдықты қайта бағамдау, жұмыс барысында этикалық нормаларды қатаң сақтау, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну күні. Ал азаматтар үшін – өз құқықтарын білу, заңсыз әрекеттерге бей-жай қарамау және қоғамның дамуына үлес қосу маңызын түсіну уақыты.
Тілеп Талант Ибайдуллаұлы
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
