Бүгінде мемлекет тарапынан зияткерлік меншік құқығы саласын дамытуға ерекше назар аударылып келеді, өйткені дүниежүзілік қауымдастықтың талаптарына жауап беру, авторлық және сабақтас құқықтар мен өнеркәсіптік меншік саласындағы құқықтарды қорғау маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Зияткерлік меншіктің басты сипаттамасы меншікті пайдаланудың жеке құқықтарын тек зияткерлік меншіктің иесі, яғни автор ғана шамалай алуында, сонымен қатар, оның рұқсатынсыз зияткерлік меншікті ешқандай бөгде адам пайдалана алмауында.
Зияткерлік меншік нысандарына:
– өнертабысқа‚ жаңалыққа‚ оңтайландырма ұсыныстарға‚ селекциялық жетістіктерге‚ пайдалы үлгілемелерге‚ өнеркәсіптік үлгілерге‚ т.б. берілген патенттерден туындайтын құқықтар;
– ғылым‚ әдебиет‚ өнер туындыларын жасаушы ақыл-ой адамдарының кітаптар‚ спектакльдер‚ опералар‚ музыкалық туындылар‚ сызбалар‚ тәсімдер‚ формулалар‚ т.б. түріндегі зияткерлік жұмысының жемісі болып табылатын шығармалық қызметтің нәтижелеріне авторлық құқықтар;
– фонограммалар жасаумен‚ орындаушылықпен‚ телерадиоэфир арқылы хабарлар берумен‚ клиптермен‚ т.б. байланысты сабақтас құқықтар;
– заңды тұлғаларды және олардың өнімдерін дараландыру құралдарына (фирмалық атаулар‚ логотиптер‚ тауар белгілері мен қызмет көрсету белгілері‚ тауарлардың шыққан жерлерінің атауы) құқықтар;
– ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардан туындайтын құқықтар; ноу-хауға берілген құқықтар;
– зияткерлік меншіктің дәстүрлі емес нысандарына (қызмет бабындағы құпия мен коммерциялық құпия‚ оны әзірлеу мен қорғау жөніндегі құжаттар‚ ішкі фирмалық нұсқаулар‚ ережелер‚ т.б.) құқықтар жатады.
Қазақстан Республикасы 1993 жылдан бастап Дүниежүзілік Зияткерлік меншік ұйымына мүше болып табылады және сонымен қатар, авторлық және аралас құқықтарды регламенттейтін көптеген халықаралық конвенциялар, келісімдер мен келісімшарттардың қатысушы болып табылады. Қазақстан Париж Конвенциясына, Мадрид келісіміне, Патенттік ынтымақтастық туралы келісімшартқа қатысушы болып табылады және басқа да маңызды құжаттарға қол қойған. Қазақстанда зияткерлік меншік объектілерінің құқығын «Авторлық құқық және аралас құқықтар туралы» Заңымен, Қазақстан Республикасының Патенттік Заңымен, «Тауар белгісі, қызмет ету белгілері және тауарлардың шыққан жерлерінің атаулары туралы»Заңдарымен қорғау жүйесі қалыптасқан және Әкімшілік, Азаматтық және Қылмыстық кодекстерде зияткерлік меншік объектілеріне деген құқықтың бұзылғаны үшін әкімшілік, азаматтық және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығын қорғау комитеті зияткерлік меншік мәселелерімен айналысатын уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады. Комитет зияткерлік меншік объектілеріне деген құқықты тіркеу және авторлық құқықты, өнертабыстарды, пайдалы модельдерді, өнеркәсіптік үлгілерді және зияткерлік меншік объектілерін қорғауды, сондай-ақ, авторлық құқыққа, патенттер, тауар белгісіне куәліктер беру және жалпы мойындалған тауар белгілерін мойындаумен байланысты мемлекеттік саясатты орындау үшін жауап береді.
Ұлттық зияткерлік меншік институты Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес Зияткерлік меншік объектілерін пайдалану және құқықтық қорғау саласында мемлекеттік билік органдары үшін сараптама, ғылыми зерттеулер және басқа жұмыстарды ұйымдастыру мен көмектесу мақсатында құрылған. Институт өнертабыстарына, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге деген патенттер беруге, тауар белгілерін тіркеуге деген өтінімдерді қабылдайды, тауар белгілерінің сараптамасын жүргізеді, зияткерлік меншік объектілеріне мемлекеттік тіркеуді жүргізеді және ресми жарияланымдарды ұйымдастырады.
Соңғы уақыттары зияткерлік меншік объектілеріне деген құқықты қорғау мәселелері бойынша халықаралық ұйымдар тарапынан да, Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан да ерекше назар аударылуда. Осы маңызды саладағы құқықты қорғау бойынша еліміздегі өркениетті әлеуметтік экономикалық өзара қатынастарды қалыптастыру да біздің еліміздің өркендеуінің ерекше көрінісі болып табылады.
Шахар БЕГЕЖАНОВА,
Қызылорда облысы Әділет департаментінің бөлім басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!