Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 13:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Әділет вице-министрі: Назарбаевтың жақын туыстарын енді жауапкершілікке тартуға болады

09.06.2022

2697 0

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Конституцияға енгізілген түзетулер күшіне енгеннен кейін Назарбаевтың жақын туыстары қудалаудан қашып құтыла алмайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ол ресми деректер бойынша сайлаушылардың көпшілігі өзгерістерді мақұлдаған референдум Назарбаевтың артықшылықтарын көздейтін «Тұңғыш Президент — Елбасы туралы» заңды жойғанын айтты. Сондай-ақ, құжатта онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де кепілдіктер бар екені жазылған еді. Ендігі уақытта Назарбаевтың жақын туыстарын қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады, бірақ өзін емес. 

«Бізде Тұңғыш Президент туралы заңнан басқа «Президент туралы» Конституциялық заң бар. Бұл заңда бұрынғы президенттердің жауапкершілігін реттейтін норма бар. Бұл тек Назарбаевқа ғана емес, барлық президенттерге де қатысты. Норма бойынша бұрынғы мемлекет басшыларын оның президенттік кезеңінде жасаған іс-әрекеттері үшін жауапқа тартуға болмайды. Өйткені ол саяси тұлға болғандықтан мемлекет үшін маңызды шешімдер қабылдайды» , — деп айтқан Мұқанова Sputnik Қазақстанға. 

Ол қазір конституциялық заңдарға түзетулер пакеті әзірленіп жатқанын, егер заң шығарушылар бұрынғы президенттерді жауапкершіліктен қорғайтын норманы алып тастауды шешсе, бұл жағдайда Нұрсұлтан Назарбаевты жауапқа тартуға болатынын түсіндірді.

Айта кетсек, Ақорда сайтында «Тұңғыш Президент туралы» заңды Қазақстанның конституциялық заңдарының тізімінен алып тастады. Бірақ сайтта жарияланған Конституция мәтінінде Тұңғыш Президент туралы мақалалар әлі де бар.

5 маусымдағы референдум нәтижесінде Конституцияға 56 түзету енгізілді. Атап айтқанда, Конституцияның 42-бабынан Назарбаевқа Президент лауазымына қатарынан екі реттен артық сайлану құқығын беретін ереже алынып тасталынды; 46-баптан Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және тиісті Конституциялық заңмен айқындалатыны туралы тармақ алынып тасталынды; 91-баптан тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде Тұңғыш Президент туралы және оның мәртебесінің өзгермейтіні туралы тұжырым алынды. 

Орталық референдум комиссиясы сайлаушылардың 68 пайызы дауыс бергенін, оның ішінде жақтаушылар дауысы – 77,18 пайызды құрағанын айтты. 

Назарбаев өзінің мәртебесіне қатысты жаңалықтарға түсініктеме берген жоқ. 5 маусымда оның баспасөз қызметі Назарбаевтың сайлау учаскесіне барып, дауыс бергенін хабарлады. 

 Жыл басындағы қанды оқиғалардан кейін Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы қызметінен айырылып, билік партиясы төрағасының орнынан кетті. Көп ұзамай Назарбаевтың көптеген туыстары лауазымсыз қалды, отбасының бірнеше мүшесі (жиені Қайрат Сатыбалды, оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Боранбаев) ұрлық және рейдерлік жасады деген айыппен қамауда отыр.  

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: