Әлеуметтік әділеттілік – тең құқықтарды, мүмкіндіктерді, білім беру, денсаулық сақтау ресурстарға қол жеткізуді және пайданың шығу тегі мен мәртебесіне қарамастан әділетті бөлуді қамтамасыз ететін қоғамды ұйымдастыру принципі. Ол адам құқықтарын қорғауды, халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғауды, заң алдындағы теңдік қағидасын қамтиды.
Еліміз адамдардың құқықтарын қорғауға және олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған негізгі халықаралық келісімдермен құжаттардың қатысушысы болып табылады.
Олардың ішінде әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі Пекин декларациясы мен іс-қимыл платформасы, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы БҰҰ конвенциясы, сондай-ақ әйелдердің саяси құқықтары және ерлер мен әйелдердің еңбегіне тең сыйақы туралы конвенция бар
Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институттыда өз кезегінде Халықаралық құжаттарға сәйкес елімізде әйелдердің құқықтарын ілгерілету бағытында, оның ішінде түзеу мекемелерінде әйелдерді ұстау стандарттарын Халықаралық нормаларға сәйкестендіру бойынша шаралар атқарылуда.
2015 жылы БҰҰ-мен қабылдаған (әлемде Мандела ережелері деп танылған) Тұтқындармен қарым-қатынастың минималды стандартты ережелері сотталғандардың осал топтарын, соның ішінде әйелдерді қорғауға ерекше көңіл бөледі және әсіресе жүкті әйелдер мен жас балалары бар аналарды ұстау жағдайларын жақсартуға бағытталған.
Қазақстан заңнамасы балалары бар әйелдерді түрмеде ұстау жағдайларын реттейді және колонияларда балалар мекемелерін құруды қарастырады. Бұрын балалар 3 жасқа толғанға дейін түзеу мекемелерде аналарымен бірге бола алатын, бұл мерзім 4 жасқа толғанға дейін ұзартылды. Сондай-ақ. әйелдерге осы жастан кейін де балалармен байланыста болу мүмкіндігі беріледі.
Сонымен қатар, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің атап айтқанда, 74-бабына, жазаны кейінге қалдыру туралы өзгеріс енгізілді. Бұрын сот жас баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған сотталған әйелдер мен жас баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазасын кейінге қалдыра алады деп көрсетілген болса, жаңа нұсқада енді сот жазаны кейінге қалдырады деп көрсетілген.
Бірак, бұл норма жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталғандарға қолданылмайды.
Бұл шынымен де маңызды өзгерісті білдіреді – қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған маңызды қадам. Қазіргі уақытта қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқан немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылып жатқан жүздеген әйелдер үшін бұл жазаны өтеуді кейінге қалдыру, олардың балалары мен отбасыларына оралуы үшін нақты мүмкіндік. Бұл әйелдердің өздерінің де, балалары мен отбасыларының да тағдырына айтарлықтай әсер етеді.
Берікбол Байхожаев,
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
