Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Аблазимов Махсудхан Нұғманұлын зейнет демалысына шығарып салу рәсімі өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау саласының бірінші басшылары, сала ардагерлері қатысты.
Аймақ басшысы еңбек адамдарын құрметтеу бұрыннан қалыптасқан дәстүр екенін айтып, Махсудхан Аблазимовке құттықтау лебізін жеткізді.
«Махсудхан Нұғманұлы Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруда барлық аудандағы, қаладағы ашық форматта өткен қоғамдық қабылдауларға арнайы қатысты, азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп, олардың шешім табуына септігін тигізді. Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік зерттеуінің қорытындысына сүйенсек, облысымыз полицияға сенімнің ең жоғары көрсеткішіне ие болған.
Ол – жұмыс барысында іскер, ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігі жоғары, білімді, білікті, қызметкерлерді мемлекеттік маңызды істерге жұмылдыра білетін басшы. Құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарған кешенді шаралардың нәтижесінде өңіріміздегі қылмыс деңгейі жыл сайын төмендеп келеді. Бұл ретте Махсудхан Нұғманұлының еңбегі ерен.
Оның тұсында облыс әкімдігінің қолдауымен полиция департаментінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңартылды. Заманауи құрылғылармен жабдықталған қызметтік көліктер табысталып, қызметкерлердің жалақысы көтерілді. Пәтер мәселесі шешімін тапты. Қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала мен барлық ауданда жылдамдық өлшегіш құралдар, бейнебақылау камералары орнатылды.
Барша Сыр жұртшылығының атынан деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз», – деді аймақ басшысы.
Басқосуда Аблазимов Махсудхан Нұғманұлына Сыр өңірінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.
Іс-шарада құқық қорғау саласының ардагерін облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, сала ардагері Тастемір Рахимов құттықтады.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!