Қаржы мониторингі агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Самар ауданы аумағындағы «Кенкарын» учаскесінде жер қойнауын өз бетінше пайдалану және бағалы металдарды заңсыз өндіру дерегін әшкереледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жер қойнауын пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнама талаптарын бұза отырып, күдіктілер екі жыл бойы тиісті лицензиясыз заңсыз алтын өндіріп, «Құлынжон» өзенінің арнасын өз бетінше өзгерткен.
Заңсыз әрекеттің салдарынан табиғатқа келтірілген залал көлемі 82 миллион теңгеден асты. Тексеру барысында ауыр арнайы техника – жүктиегіш, самосвал, экскаватор және өнеркәсіптік жабдық тәркіленді.
Ұйымдастырушы 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
