Сәрсенбі, 28 қаңтар, 19:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№7 (2219)
27.01.2026
PDF мұрағаты

Атқарушылық іс жүргізудегі әкімшілік жауапкершілік

28.01.2026

45 0

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

           Атқарушылық іс жүргізу – борышкерден атқарушылық санкциясын атқарушылық іс жүргізу бойынша өсімпұлдарды, шығыстарды, жеке сот орындаушысының қызмет ақысын өндіріп ала отырып, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар. Өндiрiп алушы мен борышкер атқарушылық iс жүргiзу тараптары болып табылады.                                     

          Өз пайдасына немесе мүдделерiне атқарушылық құжат берiлген жеке немесе заңды тұлға өндiрiп алушы болып табылады.                             

   Атқарушылық құжатта көзделген талаптарды орындауға мiндеттi жеке немесе заңды тұлға борышкер болып табылады.                                             

Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының  талаптарына  сәйкес борышкер атқарушылық құжатты орындамағаны үшiн әкiмшiлiк не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн. Жауапқа тартылу борышкердi атқарушылық құжатта көзделген әрекеттердi орындау мiндетiнен босатпайды.                                                                                    

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы нормативтік қаулысында борышкер сот актісінің уақытында орындалуына кедергі келтіретін әрекеттер (сот орындаушысына келуден жалтару, жұмыс орны мен тұратын жерінің өзгергені туралы хабарламау, сот орындаушысының талаптарын орындамау, сот орындаушысының заңды қызметіне кедергі келтіру және т.б.) жасаған жағдайда атқарушылық іс жүргізу органдары кінәлі адамдарды әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту жөніндегі мәселені талқылауға тиіс деп көрсетілген. Борышкер сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындаудан бас тартқан жағдайда, өндіріп алушы тиісті органдардың алдына кінәлі адамдарды әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарту жөнінде мәселе қоюға құқылы.                      

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669-бабы бойынша әкімшілік жауаптылық сот актілерін, атқарушылық құжатты орындамаған кезде туындайды.                                                

Әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтыратын орындамау деп борышкердің әрекетін немесе әрекетсіздігін түсінген жөн, ол борышкердің сот актісін, атқарушылық құжатты орындаудан жалтаруынан көрінеді және қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерін қамтымайды.

        Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Қазақстан Республикасының Заңының 39-бабының 1-тармағына сәйкес «мерзімді өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілермен орындаудың өзгеше мерзімдері белгiленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс».

Осы мерзім ішінде борышкер болып табылатын жеке және заңды тұлға атқару құжатын орындамаған жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-тармағы бойынша жауаптылыққа тартылуға жатады.

Борышкерді ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін мемлекеттік сот орындаушысымен хаттама толтырылып, сотқа жолданады.

  Сот орындаушысының іс жүргізуінде тұрған атқарушылық құжатты орындау туралы талапты қоспағанда, сот орындаушысының қаулыларын және өзге де заңды талаптарын орындамау ҚР ӘҚБтК-нің (бұдан әрі Кодекс) 670-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.       

Ал сот орындаушысына атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша келмеу, сол сияқты айғақтар беруден бас тарту немесе көрiнеу жалған айғақтар беру Кодекстің 665-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

Сондай-ақ сот орындаушысының қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты олардың заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, олардың заңды қызметіне кедергі келтіру, сол сияқты былапыт сөйлеуден, құрметтемеушілік танытудан, лайықсыз мінез-құлықтан, арандатушылықтан, мазақ қылудан, әбес қылықтар (белгілер), заттар көрсетуден, оның ішінде масс-медианы немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы көрінген араласу осы Кодекстің 667-бабымен сараланып, хаттама толтырылып, сотқа жолданады.

     Кодекстің 671-бабына сәйкес «атқарушылық құжат бойынша ұстап қалуды жүргiзетiн тұлғаның сот орындаушысына және алимент алатын адамға төлем төлейтiн адамның жұмыстан босатылғаны туралы, сондай-ақ оның жаңа жұмыс орны мен тұрғылықты жерi туралы, егер бұл оған белгiлi болса, дәлелсiз себептермен бiр ай мерзiмде хабарламауы –он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынса, 672-бабына сәйкес орындауына берілген атқарушылық құжатты тұлғаның жоғалтуы -жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

        Сот орындаушысының, сот приставының мүлiкке өндiрiп алуды қолдану (тiзiмдеу, бағалау, тыйым салу, сауда-саттық өткiзу) әрекеттерiн жасауына жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың кедергi келтiруi немесе осыған байланысты оның талаптарын орындаудан бас тарту Кодекстің 673-бабымен сараланған.

Ғ.Сұлтанова

Қызылорда облысы Әділет департаментінің «Арал  ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі»  филиалының басшысы-аға сот орындаушысы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: