Атырауда мас күйдегі ер адам жедел жәрдем көлігінде жанжал шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиғаның видеосы 3 қазанда әлеуметтік желілерде жарияланды. Кадрларда құқық қорғау органдарының формасына ұқсас киім киген ер адам жедел жәрдемде өзін ұстай алмай, бұзақылық жасағаны көрінеді. Жақындаған полицей оның үстіндегі күртешесін басына тартып, тыныштандыруға тырысқан.
Полиция департаментінің хабарлауынша, 2 қазан күні сағат 19:15 шамасында «102»-ге Балықшы шағынауданында автобус аялдамасында тоқтап тұрған Toyota Highlander туралы хабар түскен. Ішінде екі ер адам мас күйде болған. Бірі полицияға тапсырылды, ал 1996 жылы туған атыраулық екіншісі аяғынан жарақат алғандықтан жедел жәрдемге отырғызылған. Бірақ ол каретаның ішінде төбелес шығарған.
Медициналық сараптама оның мас болғанын растады. Сонымен қатар, ер адамның бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Қазір ол ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы («Көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы») бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Сонымен қатар, тәртіп бұзушы полиция қызметкері еместігі, алайда құқық қорғау органдарының формасына ұқсас киімде жүргені белгілі болды. Бұл дерек бойынша ӘҚБтК-нің 675-бабы («Әскери киімдегі айырым белгілері мен (немесе) нышандары бар киімді, сондай-ақ нысанды киім мен арнайы киімді заңсыз кию (пайдалану)») бойынша әкімшілік хаттама толтырылуда.
Жиналған материалдардың барлығы сотқа жолданып, заңды шешім қабылданады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!