Жаны сіріден берік адамның қай жағдаяттан да безбейтіні белгілі. Содан болар, ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесі кәсіби даярлықты арттыруда шатқаяқтап қалған емес. Яғни, жеке құраммен жұмыс тобының ұйымдастыруымен қызметкерлерге ату бойынша оқу-жаттығу өткізілді.
Жауынгерлік әзірлік барда төтенше жағдайда әрекет ету де жеңіл. Мергендікті меңгеруге кіріскен қызметкерлер “Макаров” тапаншасын пайдалану, оны оқтау және ату кезіндегі тактикалық іс-қимылдарға көңіл бөлді. Ату – асығыстықты кешірмейтін, ішкі тәртіпті қажет ететін іс. Нық тұрыс, дұрыс тыныс алу мен қимыл-қозғалыс маңызды. Оқу-жаттығу барысында әділет лейтенанты Фердауси Ертайдың қызметкерлерге қаруды қолдану тәртібі, қауіпсіздік талабы және нысанаға дәл көздеу тәсілін түсіндіруі соған негіз.
– Қызметте жүріп кез келген жағдайға дайын болу үшін теориялық білім жеткіліксіз, тәжірибе аса қажет. Сондықтан біз қарумен жұмыс істеу дағдыларын тұрақты түрде жетілдіруге мән береміз. Ең бастысы – тәртіп, қауіпсіздік және нақты әрекет, – дейді мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары әділет майоры Мирамбек Тұрымбетов.
-Иә, әр қызметкердің кәсібилігі сенімге селкеу түсірмесі хақ. З.Қонысжан
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
