Ішкі істер министрлігі интернет-алаяқтықтың нысанына автокөлік иелері жиі іліне бастағанын ескертіп отыр, деп жазады Egemen.kz.
Алаяқтар түрлі елдерде жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жалған айыппұлдар жібере бастаған.
Қаскөйлер автокөлік иелеріне электрондық пошта немесе мессенджерлер арқылы хаттар мен хабарламалар жібереді. Онда жүргізушінің жеке деректері, көлік нөмірі және «айыппұлды төлеуге арналған» сілтеме қоса жіберіледі. ІІМ осы мазмұндағы хабарламалардың фишингтік шабуыл екенін айтып, айыппұлдарды ресми сайттардан тексеруге кеңес беріп отыр.
«Егер адам банк картасының деректерін енгізсе, алаяқтар оның есепшотына қол жеткізеді. Кей жағдайларда сілтемелер арқылы жеке деректерді ұрлайтын вирустар да таралады. Мұндай шабуылдар АҚШ пен Ресейде тіркелген, ал енді олардың Қазақстанда таралу қаупі бар», деді Алматы қаласы ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Ал айыппұлдарды egov.kz, qamqor.gov.kz сайттарында немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болады.
Егер күмәнді хабарлама келсе:
• сілтемелерге өтпеңіз және тіркелген файлдарды ашпаңыз;
• ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріңіз;
• егер карта деректерін енгізіп қойған болсаңыз – дереу картаңызды бұғаттап, банкке және полицияға «102» нөмірі арқылы хабарласу керек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!