Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында соттылық институты қылмыстық істерді заңда белгіленген тәртіппен қарауды қамтамасыз ететін маңызды тетік болып табылады. Соттылық нормалары істің қай сотта қаралатынын айқындап, сот төрелігінің тиімді әрі әділ жүзеге асырылуына негіз болады. Соның ішінде аумақтан тыс соттылық мәселесі тәжірибеде ерекше маңызға ие.
Жалпы қағида бойынша қылмыстық іс қылмыс жасалған жердегі сотта қаралады. Алайда кейбір жағдайларда істі басқа аумақтағы соттың қарауына беру қажеттілігі туындайды. Мұндай жағдайлар сот төрелігінің объективтілігіне, тараптардың қауіпсіздігіне немесе істі жан-жақты қарауға әсер етуі мүмкін.
Аумақтан тыс соттылық – бұл қылмыстық істі заңда көзделген негіздер бойынша бір соттың қарауынан алып, басқа өңірдегі немесе басқа аумақтағы соттың қарауына беру тәртібі. Мұндай шешім, әдетте, жоғары тұрған соттың қаулысымен қабылданады.
Істі басқа сотқа беру негіздеріне мыналар жатады:
• сот құрамын жасақтаудың мүмкін болмауы;
• судьяларға қарсылық білдіру жағдайларының көп болуы;
• іс бойынша қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі;
• қоғамдық резонанс туғызған істер бойынша объективтілікті сақтау;
• төтенше жағдайлар немесе табиғи апат салдарынан сот жұмысының уақытша тоқтауы.
Аумақтан тыс соттылықты қолдану сот тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, тараптардың құқықтарын қорғауға және істі әділ қарауға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл тетік сот жүйесінің икемділігін көрсетеді.
аумақтан тыс соттылық – сот төрелігін тиімді жүзеге асыруға бағытталған құқықтық құрал. Оны дұрыс қолдану азаматтардың сотқа деген сенімін арттырып, заң үстемдігін нығайтады.
С.Қыпшақбаева,
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
