Қазақстан Республикасының сот жүйесінде соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан реформалардың басты мақсаты – әділ сот төрелігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ соттардың жұмыс тиімділігін арттыру болып табылады. Осы бағытта қабылданған маңызды өзгерістердің бірі – аумақтан тыс соттылық қағидатын енгізу.
Аумақтан тыс соттылық – істердің аумақтық белгі бойынша емес, арнайы белгіленген соттардың қарауына берілуін көздейтін құқықтық тетік. Мұндай жүйе соттардың бейтараптығын арттыруға, жергілікті ықпалдан арылуға және процестің объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Мысалы, қылмыстық процесте тергеу соттары бұл қағиданы қолдану арқылы процесс қатысушыларының теңдігін сақтап, шешім қабылдауда тәуелсіздік пен әділдікті қамтамасыз етеді. Тергеу судьясы процесс барысында тараптардың біріне де артықшылық бермей, тек заң талаптары мен дәлелдемелерге сүйенеді.
Аумақтан тыс соттылықтың тағы бір маңызды артықшылығы – соттардың жүктемесін теңестіру. Кей өңірлерде істердің шамадан тыс көптігі немесе, керісінше, аздығы сот төрелігінің сапасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан істерді аумақтан тыс бөлу соттардың жұмысын оңтайландырып, әділ және уақытылы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл тәжірибе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, тараптардың бір-біріне ықпал ету мүмкіндігін азайтуға бағытталған. Іс басқа өңірдің судьясына қарауға берілген жағдайда, шешімнің әділдігіне деген сенім күшейеді.
Жалпы алғанда, аумақтан тыс соттылық қағидаты – сот жүйесіндегі ашықтықты, бейтараптықты және әділдікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Бұл реформа сот жүйесін жаңғыртудың, азаматтардың құқықтарын қорғаудың және қоғамның сотқа деген сенімін арттырудың айқын көрінісі болып табылады.
Асылбекова Нұргүл Онталаповна
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының бас маманы сот отырысының хатшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
