ҚазАқпарат – Шартты түрде мерзімінен бұрын босату азаптау істері бойынша сотталғандарға әсер етпейді. Мұндай өзгеріс «Ашық» НҚА порталында жарияланған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, ұсынылып отырған өзгерістердің ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылмайтын санаттар тізімін толықтырылған.
«Қылмыстық кодекстің 73-бабына (Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру немесе тағайындалған жаза мерзімін қысқарту) сәйкес бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы бас бостандығын шектеумен аустырылған, бұрын өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеуден шартты түрде босатылғандар, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеу кезеңінде жаңа ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағандар мен азаптау үшін сотталғандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы әсер етпейді», – делінген құжатта.
Тоқтала кетсек, қазіргі қолданыстағы заңда мұндай талаптар жоқ. Сонымен қатар, өзгерістердің бірі – шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққандарға пробациялық бақылау тағайындау. Яғни, сотталғандар тиісті шешіммен бостандыққа шығатын болса, онда оларға жазасының өтелмей қалған мерзімі үшін пробациялық бақылау бекітіледі. Мәселен, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматқа пробациялық бақылау 10 жыл мерзімге белгіленеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!