Жұма, 14 қараша, 13:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

Белгілі заңгер судьялардың ерекше иммунитетін алып тастауды ұсынды

14.11.2025

46 0

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Сәрсембаев Қазақстанның жаңа Парламентке көшуі мен құқық саласындағы реформаның шешуші тұстарын атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы заңгер елордада «Елдің жоғарғы заң шығарушы органына – жаңа серпін және жаңа тыныс» атты дөңгелек үстел барысында мәлімдеді.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында заңнама саласында жинақталған түйткілдерді ашық атап өтті. Президенттің пікірін толық қолдаймын: дәл осы тұжырымдама – біздің құқықтық жүйеміздің берік негізі мен басты тірегі. Сенаттағы әріптестердің бір палаталы парламентке көшу туралы ұсынысы да осы арнамен үндесіп отыр. Бұл ретте Сенаттың тарихи рөліне де тоқталу қажет.Мен көптеген сенаторларға жеке-жеке хат жаздым. Өкінішке қарай, бірде-бірінен жауап алмадым. Осындай бейжайлық мені қатты ойландырды. Бірақ, соған қарамастан, біз бұл мәселемен әрі қарай айналыса береміз, – деп атап өтті Марат Сәрсембаев.

Сонымен қатар ол Мәжіліске де хат жазғанын ашып айтты.

Соның ішінде сегіз депутат, оның бірі дәл қазір осы жерде отырған Абзал Құспан үн қатты, өз ойларын жіберді, тіпті кейбірі мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Бұл немқұрайлы қарамағандарыңыздың белгісі. Жоғарғы заң шығару органы жаңа серпін мен жаңа тынысты тек жақсы заңдар қабылдау арқылы ғана алмайды. Біз заңның орындалуына да баса мән беруіміз керек. Егер заң іске аспаса, ол қағаздағы мәтін болып қала береді. Заңның өміршең болуы: құқық қорғау органдарының, адвокатураның, соттардың және құқықтық қауымдастықтың бірлескен жұмысына байланысты. Дәл осы жерде негізгі түйткілдер шығып отыр, – деді ол.

Айтуынша, ең бірінші мәселе – қылмыстық істердің шамадан тыс «құпияландырылуы».

Құжатта нақты негіз болмаған жағдайда іс материалдарына «құпия» деген белгі қоюға болмайды. Қылмыстық істің түгелдей жабық болуы – мүлдем дұрыс емес. Қажет болса, тек кейбір құжаттар ғана жабық қаралуы мүмкін, ал істің өзі ашық болуы тиіс. Өйткені бұл – азаматтың құқығы, оның тағдыры. Екіншіден, өкінішке қарай, заңды елемейтін немесе Конституция талаптарын ескермейтін судьялар бар. Бұл – өте ауыр мәселе. Сол себепті Конституциялық заңдағы судьялардың «ерекше иммунитетіне» қатысты бапты алып тастау керек деп есептеймін. Дамыған елдерде судьялар абсолютті қол сұғылмаушылыққа ие болмайды. Егер мұндай өзгеріс енгізілсе, біздің судьялар да заңды қатаң сақтауға, жауапкершілікпен қарауға мәжбүр болады, – дейді заңгер.

Сондай-ақ ол құқық қорғау және сот органдарына да тоқталып өтті.

Үшіншіден, құқық қорғау және сот органдарының өздері кодекстер мен заңдарды әзірлеуге қатыспауы керек. Бұл міндет – Әділет министрлігіне және Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүктелуі қажет. Бүгінгі заңдардың біразы тергеушілер мен судьялардың ыңғайына қарай жазылғаны жасырын емес. Бұл дұрыс емес үрдіс. Сонымен қоса Жоғары сот кеңесі өз рөлін толық атқара алмай отыр. Судьялық кадрларды іріктеу мен тағайындау мәселесін Жоғарғы сотқа беру керек деп есептеймін. Тағы бір ұсыныс – судьяларды жаңа сайлау заңнамасы негізінде халықтың қатысуымен сайлау мүмкіндігін қарастыру, – деді Марат Сәрсембаев.

Белгілі заңгер прокуратураға да қатысты өз ойын ортаға салды.

Адвокатура мен прокуратураның мәртебесін теңестіру үшін прокуратураны дербес орган ретінде емес, Әділет министрлігінің құрылымына енгізу қажет. АҚШ-тағы тәжірибе осы. Сонда прокурор да, адвокат та тең жағдайда жұмыс істейді. Егер осы өзгерістер жүзеге асса, онда соттар, тергеу және прокуратура біртіндеп заңның шынайы сақтаушысына айналып, Конституцияны бұлжытпай орындайтын органға айналар еді. Сонда ғана Президент айтқандай, қоғамда құқық бұзушылыққа төзбеушілік қалыптасады, антиәлеуметтік құбылыстарға иммунитет пайда болады, – деді Марат Сәрсембаев.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: