Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Біз өте құпия немесе ашықтыққа қарсы орган емеспіз»

24.12.2022

775 0

Жыл аяқталар шақта кім-кімнің де жыл бойы атқарған жұмысына есеп беретіні анық. Күнтізбе парағы азайған сайын өтіп бара жатқан жылдың жемісі мен кемшін тұстарын сараптау заңдылық. Осы орайда Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жыл ішінде атқарған жұмысын арқау етіп, аталған департамент басшысы, экономикалық тергеу қызметінің полковнигі Бақыт Қайшыбековпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Шыны керек, бүгінгі күнге дейін бұл департамент жұмысы ашық, жариялы болып келді деп айта алмаймыз. Бұл басшының ұстанымы ма, әлде қызмет ұстанымы ма? Оқырманға нақты ақ­парат беру үшін Экономикалық тергеу департаментінің қызмет міндетін атап өткеніміз жөн болар?

– Қаржылық мониторинг агенттігі Мемлекет басшысының Жарлығымен 2021 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Респуб­ликасының Президентіне тікелей есеп беретін орган ретінде құрылды.  Агенттіктің құрылуы қаржылық барлаудың тиімділігін арттыру және көлеңкелі экономикамен күрес саласындағы жұмысты күшейту қажеттілігінен туындады.  Агенттік қаржылық мониторингтің ұлт­тық жүйесінің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз ететін және үйлестіретін дара  мемлекеттік орган. Біз қаржы операциялары бойынша ақпараттарды талдап, қаржыны жылыстату және терроризмді қаржыландыру белгісі бар жүйелер мен жобаларды анықтай­мыз. Сонымен қатар біздің мінде­тіміз – экономикалық және қаржылық құқықбұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, қылмыстарды ашу және тергеу.

Экономикалық қылмыстарды әшкерелеу ұзақ уақытты талап етеді. Тергеу процесінде қаржы саласындағы заң бұзушылықтардың көлемін анықтау мен растау барысында өзге қаржы органдарының (аудит, салық т.б.) мәліметтеріне жүгінуге тура келеді. Қылмыстың ашылуы, залалдың мемлекет­ке қайтарылуы, тергеу сапасы, қылмыс­тық процестерге қатысушылардың консти­туциялық құқығының  бұзылмауы, міне, осындай критерийлер бойынша нақты межелер мен мерзімдер бекітілген. Мұндай тәртіптер қатаң сақталуы тиіс. Сондықтан экономикалық қылмыстардың ашылуы және залалдың қалпына келтірілуі бойынша жылдам нәтиже күту қиын. Біздің органның күнделікті ел аузында жүрмеуінің бір себебі осы. Ал жалпы өте құпия немесе ашық­тыққа қарсы орган емеспіз. Осы жылдың жартыжылдығының қорытындысымен БАҚ өкілдеріне брифинг бердік, ақпараттар жария­ланып тұрады.

– Департаменттің бір міндеті – көлеңкелі экономикамен күрес. Басты міндет қалай жүзеге асырылуда? Сандарды сөйлетсек…

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  2021 жылдан бастап көлеңкелі экономика деңгейін экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері деңгейіне, яғни 15-17%-ға төмендетуге тапсырма берген еді. Деректерге сүйенсек, 2021 жылдың аяғында экономикадағы көлеңкелі айналымның дең­гейі жалпы ішкі өнімнің 20-23%-на тең болған. Көлеңкелі айналымда жүрген қаржының жартысына жуығы салық пен кеден айналымына, оның ішінде жалған шот-фактура жасау, қаржы пирамидасына, өнім өндіріп, қызмет көрсеткен кәсіпорындардың шетелге ақша қаражатын заңсыз шығару сияқты салаларға тиесілі. Көлеңкелі эконо­микаға қарсы тұрудың осы бағытындағы тапсырмаларға байланысты, біздің  депар­таменттің  жедел іздестіру, тергеп-тексеру жүргізу жөніндегі бекітілген  арнайы бағыт- бағдары  бар. Соның бірі екінші деңгейлі банктермен бірге жұмыс жасай отырып, криминалды ақша қаражаттарын қолма-қолға айналдыруға жол бермеу.  Себебі криминалды  қаражатты  қолма-қолға айнал­дыру экономикалық  залал келтірумен қатар, адал кәсіпкерлік нысандарының иммунитетін төмендетуімен де қауіпті. Қызылорда об­лысы бойынша экономикалық тергеп-тек­серу департаментінде жыл басынан бері 41 қылмыстық іс тіркелді. Өткен жылдан бері тергеу жалғасып келе жатқан істерді ескергенде, 11 айда 62 қылмыстық істің өндірісі жүргізіліп, олардың 41-і  аяқталған. Аяқталған істің 29-ы сотқа жолданды. Өндірісі аяқталған істер бойынша мемлекетке келтірілген залал 2 млрд 326 млн теңге болып отыр. 903 млн теңгенің залалы бюджетке қайтарылып, 107 млн теңгенің мүлкіне шектеу қойылды.

Департамент қызметкерлерімен жүргі­зілген «Стоп обнал» жалпы республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралары бары­сында іс жүзінде жұмыстар атқарылмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп жө­нелтілмей жалған шот-фактура толтыру бойынша өндіріспен 10 іс жүргізіліп, 6 іс сотқа жолданған. Сондай-ақ жыл басынан бері жалған ақша айналымы бағытында 12 дерегі анықталып сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Мемлекеттік бағдарламалар ая­сында бөлінген қаражатты жымқыру, мұнайдың заңсыз айналымы, заңсыз ойын бизнесі бағытындағы заңбұзушылықтарды анықтау және тергеу біздің органның құзыретінде.

– Технология дамыған сайын алаяқ­тықтың түр-түрі көбейді. Мұны құрық­таудың бір жолы бар ма? Алдын алу мақсатында қандай шаралар жүзеге асуда? Әсіресе, интернет алаяқтарға тоқтау салудың жолы қандай?

– Иә, алаяқтық біздің қоғамда ерекше белең алып тұр. Қанша көзбен  көріп, пирамида екенін біліп тұрса алданып қалып жатқандар өте көп. Әсіресе, соңғы 2 жылда қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтыққа ұрыну фактілері көптеп тіркелуде. Біздің өңірімізде де әртүрлі пирамидалар мен алаяқ сайттарға кіріп кетіп, қаражатын жоғалтқан азаматтар жүздеп саналады. Департаментпен тіркелген 3 қылмыстық іс, тергеу реттілігіне сәйкес,  Түркістан облысы бойынша ЭТД-мен және полиция департаментімен тергелуде. Қаржы пирамидаларын әшкерелеудің күрде­лілігіне байланысты, еліміздің құқыққорғау органдарымен келісім негізінде Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновация және аэрокосмостық өндіріс министрлігінің сарапшылар тобы күмәнді сайттарды және сілтемелерді бұғаттау бойынша жұмыс жүргізеді. Жыл басынан бері біз­дің департамент мамандарымен қаржы пирамидасы белгісі бар 549 сайт дерегі осы эксперттерге жолданған. Олардың 22-сі бұғатталып, 68-і сарапшылармен зерттелуде. 385 сайт күдікке ілінген бойда қолжетімділігін жауып үлгерген. Қалай тоқтам жасауға болады, адамды пирамидаға ешкім қинап кіргізбейді, интернет ойындарға ешкім сүйреп апармайды, әркім саналы түрде барады. Дұрыс емес екенін біліп тұрса да кішкентай қаржысын көбейтіп алып, жеңіл жолмен ақша тапқысы келеді. Бұл – қаржылық сауаттылықтың төмендігі.  Қазіргі кезде осы мәселенің алдын алуға арналған шараларды белсенді жүргізудеміз. «Қаржылық  сауаттылық және қаржылық қауіпсіздік негіздері» тақырыбында қала мектептері мен колледждерде семинар сабақтар өткізуді қолға алдық. Мақсаты­мыз – әр адамның бойында қаржылық сауатты­лық және қаржылық қауіпсіздік деген түсініктер­ге салмақты көзқарас қалыптастыру, өзінің қаржысына өзі ғана  иелік ететін сенімділік беру, түрлі алаяқтықтарға ұрынып қалу тәуекелін азайту. Қазан-қараша айларында 15 мектепті, 9 колледжді қамтыдық, бұл жұмыс келер жылы да жалғасатын болады.

– Қай салада болмасын, білікті кадр маңызды. Экономикалық тергеу депар­таментінің мамандарына қандай талап қойылады?

– Экономикалық тергеп-тексеру органы қатарындағы қазіргі қызметкерлердің басым бөлігі жасырын емес, бұрынғы қаржы полициясы органдарының қызметкерлері. Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде  16 жедел уәкіл, 13 тергеуші қызмет жасайды. Бұған қоса аналитиктер тобы бар. Барлығы да тәжірибелі, өз ісін жетік меңгерген мамандар.

Агенттік ерекше назарда ұстап отырған мәселенің бірегейі – осы  мамандардың кәсібилігін арттыру, жеке құрамды сапалы жұмыс жасайтын, білімі қазіргі уақыт талабына сай, құзыреттілігі жоғары қызметкерлермен жасақтау.

Агенттік құрылғаннан бергі қызмет нәтижесінде қаржыны жылыстату бойынша Қазақстанның әлем елдері қатарында алып отырған орнын 24 позиция бойынша төмен­детуге мүмкіндік берді. Өткен жылы Агенттік республика бойынша экономиканың нақты секторларына залал келтірген 42 ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі.

Әлемдік тәжірибеге негізделген елеулі жаңалықтың бірі – параллель қаржылық зерттеу институты енгізілді. Соның арқасында тыйым салынған мүліктің жалпы сомасы 100 млрдқа жетіп отыр.

Қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы жымқыру индустриясын жою үшін республика бойынша «Стоп Обнал» жобасы қолға алынды. Нәтижесінде, қаражатты қолма-қолға айналдыру көлемі 2,7 трлн тегеден 1,2 трлн теңгеге дейін азайды.

Қазынаға  қол сұғушылармен күресте «Қазына» жобасы іске асырылуда. Қашықтан мониторингтеу жолымен жалған құжаттар жасау арқылы күмәнді жобалармен айна­лысқан 70 млрд теңге айналымы бар 89 мердігер анықталды. Біздің орган анықтаған қоғамдағы әлеуметтік мәселелер де аз емес.  Әлеуметтік жағынан аз қорғалған жандарға қатысты 45 қылмыстық іс қозғалып, 800 жетім баланың құқығы қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, Агенттік қолдан жасалған 36 цехты әшкерелеп, 211 мың жалған марка, 1,1 млн бөтелке алкоголь өнімін және 73 мың литр этил спиртін  тәркіледі. Республика аумағында 262 заңсыз ойын мекемелері мен казино  жабылып, 4000-ның үстінде ойын автоматтары айналымнан алынды. Бұл сандардың бәрі Агенттік құрылған алғашқы бір жылдың Қазақстан бойынша қорытынды көрсеткіштері. Мұның қатарында, әрине, қызылордалық әріптестердің де үлесі бар.

Осының бәрі жедел және тергеу сала­сының қызметкерлерінің, сонымен қатар қаржы барлау қызметіндегі біліктілігі жоғары мамандардың жұмысының нәтижесі.

Экономикалық қауіпсіздік – Қазақстанның дамуына жол ашатын кепілдік. Сондықтан мемлекеттің экономикалық мүддесіне қызмет жасайтын органға әрдайым жаңа леп, көзқарас керек. Осы мақсатта Қаржылық мониторинг агенттігі  өткен жылдан бастап Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы құқыққорғау органдарының Академиясында қысқа мерзімді курсқа «заңгер» және «экономист» мамандығы бар жоғары білімді, 29 жасқа дейінгі жастарды қабылдауды бастады. Алғашқы түлектер қазір біздің қатарымызда қызмет атқаруда. Келесі жыл басында тағы да қатарымызды толықтыратын жас мамандар қатарында қызылордалық 7 жігіт бар. Олар республика бойынша бос орындар бар департаменттерге 1 қаңтардан бастап қызметке жолдама алатын болады.

Мамандарға қойылар талап жоғары, әрине. Агенттік таза беделі, жоғары интеллектісі, креативті ойлау қабілеті бар және еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне үлес қосқысы келетін талантты жастарды іздейді.

Себебі экономикалық қылмыстар әлемі­нің әдістері жаңарған сайын  оған қарсы  мамандардың тәсілі мен дайындығы да дамып отыруы шарт.

– Құқық қорғаудың қай саласында болсын, криминалистика маңызды рөл атқаратынын білеміз. Аталған сала көлеңкелі бизнеспен күресуде қандай нәтиже көрсетуде?

– Экономикалық қылмыстарды анықтау құқықтану ғылымының бірнеше саласын қамтуды талап етеді. Айтарлықтай үлес қосатын  сала – криминалистика. Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің криминалист маман­дары құжаттамалық зерттеу, компьютерлік-техникалық зерттеу, экономикалық және тауартану зерттеулерін жүргізе отырып, қылмыс әлемінің ашылуында салмақты роль атқарады.   2022 жылдың 11 айында 43 қылмыстық іс бойынша 135 маман қорытындылары берілген. Яғни тіркелген қылмыстық істердің 70 пайызында кри­миналист-мамандармен зерттеулер жүргізілді, оның ішінде 37 қорытынды экономикалық зерттеу бойынша, 28 қорытынды тауартану зерттеуі бойынша, 70 қорытынды компью­терлік зерттеу бойынша жүргізілген.

69 сараптама қорытындысының нәтиже­сінде 20 қылмыстық іс барысында сотқа жолданып, сот үкімі шыққан. 9 қылмыстық іс бойынша 39 маман қорытындысы тергеу реттілігіне орай өзге органдарға жолданды. 9 қылмыстық іс бойынша 21 маман қоры­тындысы тергеушілер өндірісінде.

Криминалистік зерттеу қорытындысы – қылмысқа шығарылатын үкімге негіз болатын дәлелдің бірі. Сонымен қатар криминалистік зерттеу нәтижесіне байланысты жасалған қылмыстың мемлекетке келтіретін залал мөлшері айқындалады. Ал экономикалық қылмысқа қатысты жүргізілген тергеудің аяқталуы – сол залалдың мемлекет пайдасына өндірілуімен құнды.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: