Жұма, 27 желтоқсан, 12:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Бостандықтың қадірін түсіне бастадым»

30.07.2024

222 0

Қызылорда қаласының 46 жастағы тұрғыны 2022 жылы сот үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігінің 1 тармағына сәйкес, (құрамында есірткі заты бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) 3 жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын Қызылордадағы түзеу мекемесінде өтеген. Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіне 2023 жылы қарашада бақылауға алынған. Ол бостандықтың қадірін, темір тордың артында отырғанда түсінгенін айтады.

«Жастықпен, білместікпен» дейін десем ол кезде 40 жастан асқан ақыл тоқтатқан кезім еді.  Маңдайыңа тағдыр жазса, қашып құтыла алмайды екенсің. Бас бостандығымнан айырылып, темір торға тоғытылған соң бостандықтың қадірін түсіне бастадым», – деді ол.

Бұрын сотты болған азаматты түзеу мекемесіне ауыстырылғаннан кейін алдымен мекеме қызметкерлері қабылдап, зерделеу жұмыстарын жүргізген. Ол тіпті психологтың қабылдауында болыпты.

«Мекеменің ішкі күн тәртібіне бағынып, жаза өтеу тәртібін бұзбадым. Өзімнің мінезім ақжарқын, қандай қиындық болса да күліп қарсы алатын адамның қатарынанмын. Түзеу мекемесінде жүріп, спорттық шараларға, семинар тренингтерге қалмай қатысатынмын. Соның нәтижесінде өмірге деген көзқарасым өзгеріп, жазамды өтеп тезірек бостандыққа шықсам екен деген арман пайда болды», – деді ол.

Жазаның үштен бір бөлігі (бір жарым жыл) өтелгеннен кейін, ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 73-бабына сәйкес, сот қаулысымен жазаның өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылып, қалған мерзімді пробациялық бақылау белгіленеді. Сөйтіп Қызылорда қалалық пробация қызметіне тіркеуге алынады.
Қызылордалық тұрғынның сөзінше, түрмеге дейін де, онда жазасын өтеп шыққаннан кейін де мінезі бірқалыпты, өзгермеген. Ол қиындыққа мойымауының себебін өзін күтіп отырған отбасымен байланыстырды.

«Өзімді салқынқанды, сабырлы ұстаймын, қандай жағдай болса да уайымға салынбаймын, артық қылығым жоқ. Күтіп отырған отбасым бар, сондықтан еш мойымаймын. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Отбасым – әйелім, 5 балам бар, 3 балам студент, 2 балам оқушы. Түрмеден шыққан соң пробация қызметіне тіркелдім. Пробация қызметкерлері сотпен жүктелген міндеттерді орындау, уақытылы пробация қызметіне тіркелуге келу, түнде сағат 22.00-ден кейін белгіленген мекенжайда болу керегін, түнгі мезгілде қоғамдық орындарға баруға болмайтынын түсіндірді», – дейді ол.

Кейіпкеріміз темір тордан шыққаннан кейін тіпті жеке кәсібін қолға алыпты.

«Пробация қызметкерлеріне өз кәсібімді ашу туралы ниетімді айттым. Қызметкерлер құқықтық көмек беріп, құжаттарды жинақтауға көмек көрсетті. Өтініш жазып, тапсырдым. Мал шаруашылығымен айналыссам деген ниеттемін. Мал басын көбейтіп, бордақылау орталығын ашсам деген арманым бар. Қазір жағдайым жақсы, түзеу мекемесі қызметкерлерінің және пробация қызметкерлерінің заңға сәйкес жүргізілген көмектерінің арқасында түзелу жолына нық тұрдым», – дейді есептегі азамат.
Дегенмен 46 жастағы азамат түрмеден шыққан адамды бәрі бірдей жақсы қарсы ала бермейтінін жасырмады.

«Түрмеден шыққан адамды кім жақсы қарсы алсын. Отбасым, анам, бауырларым жылы қабылдады. Бұл да бір сынақ шығар. Туған-туыстардың тойына барып тұрамын. Темір торға түстім деп өмірден түңіліп кетпедім. Мен өмірден түңілсем, балаларыма, отбасыма кім бас-көз болады? Өмір болған соң «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, өз-өзімді жігерлендіріп, қайта өмірге деген құлшынысым артты», – дейді ол.

Қызылордалық азамат түрмеде адамның қай бағытты таңдайтынын өзі шешетінін жеткізді. Сондықтан да түрме адамды бұзады немесе түзейді деп дөп басып айту мүмкін емес.

«Түрмеден адам түзеліп шығып-шықпауы өзіне байланысты. Әркім өз өмірінің суретшісі ғой. Түрмеде тәртіп болса, адам түзеледі. Түзеу мекемесінде де психологтар, мамандар жұмыс істейді. Жаза басқан адамды қайта қоғамға бейімдеуге барынша жұмыс жүргізеді. Менің болашаққа мақсатым да, жоспарым да көп», – деп қорытындылады ол.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: