Бейсенбі, 26 желтоқсан, 08:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бүгінгі күннің батыл жауынгерлері

20.04.2023

689 0

Әр мемлекеттің қорғаушы тірегі – оның әскері екені сөзсіз. Ұлттық ұландықтар үшін халқының амандығы, тәуелсіздігінің тұғырлы болуы мен ішкі тыныштығының беріктігі маңызды.
Еліміздің Қарулы күштерінің қатарындағы Ұлттық ұлан әскері атқаратын Заңмен бекітілген 9 басты міндеттер бар. Солардың бірі – қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзету. Қызылорда қаласында орналасқан 5547 әскери бөлімі әскери қызметшілері осы бағытта жұмыс жасауда. Бұл әскери бөлімнің жауынгерлері сын сағатта сыр бермей, қарауылдық қызметті абыроймен атқарып келеді. Солардың бірі атқыштар ротасының бақылаушылар взводының жеке құрамы. Олар Қызылорда қаласында орналасқан қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №60 мемлекеттік мекемесін күзетеді.
Күндізгі және тәуліктік қарауылға түсетін әскери қызметшілердің жауынгерлік қызметі тыңғылықты дайындықты талап етеді. Тәуліктік қарауылға баратын бақылаушылардың қызметі әскери бөлімдегі жауынгерлік қызмет алдындағы іс-шарамен бастау алады. Алғашқысы медициналық тексеруден өту. Мұнда жауынгерлік қызметке түсетін әрбір бақылаушының денсаулығында ақау болмауы басты назарда. Медициналық тексерістен өткен бақылаушылар жеке құрамы ротадағы тәрбие жұмысы бөлмесіне бет алады. Онда рота командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары аға лейтенант Халмақан Санат жауынгерлік қырағылықтарын шыңдау мақсатында жаттығу жұмыстарын өткізеді. Әрі қарай рота командирінің бақылаушылар қызметі жөніндегі орынбасары капитан Сатыбалды Ерболсын бақылаушы қызметкерлерін мекемедегі тексеріс бөлімге қарай алып барады.
– Дайындықтың ең маңыздысы – жауынгерлік қызмет кезінде орындалатын негізгі іс-әрекеттерді пысықтауға арналған жаттығу жұмыстары. Бақылаушылар жеке құрамының әрқайсысының біршама тәжірибесі бар тісқаққан мамандар болғанмен, бұл әрекеттерді пысықтаудан жалықпаймыз. Себебі, мекемедегі жағдайдың күтпеген жерден өзгеріп кетпеуіне ешкім кепілдік бере алмайды. Ал, біздің бақылаушылардың басты міндеті – кез-келген жағдайда жедел әрекет ету», – дейді 5547 әскери бөлімі жеке атқыштар ротасы командирі майор Ақшалов Бауыржан. Әскери бөлімнен бұйрық алып шыққан бақылаушылардың басты қызметі – түзеу мекемесінде басталады. Бақылаушыларды режимдік аймаққа кірерден бұрын түзеу мекемесінің режимдік бөлімінің тінту-тексеру қызметкерлері тексеріп өтеді.
Мұндағы мақсат – сотталғандарға тыйым салынған заттарды алып кірмеудің алдын-алу. Содан кейін, барлық жауынгерлік қызмет атқарушы әскери қызметшілер арнайы құралдармен қол кісен, брондалған жилет, аэрозоль, сонымен қатар бейнежетонмен қамтамасыз етіледі. Бес аспабын түгендеген бақылаушылар өздерінің орындарына барып, қызметтерін бастайды. Бір ауысымға түсетін бақылаушының орындары да әртүрлі жағдайларға байланысты есептеледі. Олар сотталушылардың тұрғын аймағы бойынша, өндірістік аймағы бойынша, қатаң жағдайда ұсталатын үй-жай бойынша, карантиндегі сотталушыларды қадағалау бойынша, медициналық – санитарлық бөлім бойынша, сонымен қатар, кездесу өткізу, заттарды, сәлемдемелерді және бандерольдарды қабылдау бойынша бақылаушылық орындарға бөлінеді. Солардың бірі өз дәрежесінде жауынгерлік қызметке қойылған барлық талаптарды мінсіз атқарып келе жатқан бақылаушы – Мирман Нұрғиса. Әскери бөлімге 2020 жылы сәуір айында бақылаушы болып қызметке орналасқан ол біраз тәжірибе жинап, қызмет атқару барысында өзінің жауынгерлік қызметін адал абыроймен атқарып келеді. Қызылорда медициналық жоғары колледжін «Стоматолог» мамандығымен бітіріп, әрі қарай жоғарғы білімін «Заңгер» мамандығында жалғастырып, біржола ұландық жауынгер болуға шешім қабылдады.

  • Бастапқыда бұндай қызметтің барынан хабардар болмадым. Медицина колледжін аяқтағаннан кейін әскери қызметші болуға деген қызығушылығым артты. Солай жоғарғы оқу орнын заңгер мамандығында бітіріп, келісім-шарт бойынша бақылаушы қызметіне тағайындалдым. Қылмыстық – атқару жүйесіндегі мекемеде жазасын өтеушілерді бақылау – қауырт жұмыстың бірі. Әр аймақтағы және үй-жайлардағы жазасын өтеушілердің жағдайы әртүрлі болғандықтан, қауіптілігі де жоқ емес. Біздің қызмет – мекеме бастығы бекіткен кестеге сәйкес белгіленген аймақтың аумағын қарап шығып, жаза мерзімін өтеушілердің жүріс – тұрысын қадағалап, режимді бұзуға жол бермеу. Тыйым салынған іс-әрекеттерді болдырмау және олардың алдын алу. Алдағы уақытта өз қызметімді адал атқарып, қызметте абыроймен жоғарлау жоспарда бар, – деді 5547 әскери бөлімі жеке атқыштар ротасының бақылаушысы Мирман Нұрғиса.
    «Мирман Нұрғиса – аз ғана уақытта өзінің әскери қызметке деген салмақты жауапкершілігімен, ынта-жігерімен, ең бастысы үнемі ізденісте жүретін, білуге құштарлығымен ерекшеленді. Әскери ұжымда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін абыройы да жоқ емес. Өмірде жаза басып немесе қасақана оймен қылмысқа барған түзету мекемесіндегі әртүрлі пиғылды адамдардың ортасында жүріп, олардың тәртібі мен іс-әрекетін қадағалай отырып, жауынгерлік қызмет атқару оңай емес. Өзгені емес, өзіне қажетті мәселені шешу үшін кез-келген іс-әрекетке баруға дайын сотталушылардан не нәрсені болса да күтуге болады. Ал, мұндай жағдайда біздің жауынгерлеріміздің қырағы да, батыл әрекеті, біліктілігі мен білімі қажет-ақ. Бақылаушы Мирман Нұрғиса»,– дейді рота командирі 5547 әскери бөлімі жеке атқыштар ротасының рота командирі капитан Сатыбалды Ерболсын.
    Қазіргі таңда Нұрғиса сияқты қаншама бақылаушылар сенімге селкеу түсірмей, қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды өз дәрежесінде атқарып келеді. Ал атқыштар ротасының бақылаушылар қызметіндегі әскери қызметшілерді «бүгінгі күннің батыл жауынгерлері» десек те артық емес.

  • Адина Ұзақбай
    Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД №60 мекемесі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: