Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов интернет-алаяқтық пен қауіпсіздік мәселесін алға тартып, салалық министрліктерге тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде біз телефон және интернет-алаяқтық жағдайларының көбейіп жатқанын көріп отырмыз. Олардың дені шетелдік нөмірлердің және ұлттық жүйемізде тіркелмеген құрылғылардың көмегімен жасалады. Сондықтан Жасанды интеллект және Ішкі істер министрліктері осындай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою жұмыстарын күшейтуі қажет. Деректер базасынан азаматтардың дербес мәліметтерінің таралып кеткені үшін жазаны қатаңдату керек. Мұндай талап мемлекеттік органдармен қатар, қаржы ұйымдарына, мобильді операторлар мен жеке бизнеске де қатысты болуға тиіс, – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-министр балаларды цифрлық кеңістікте қорғалуы қажеттігін де алға тартты.
Балалардың цифрлық кеңістікте қорғалуын қамтамасыз ету үшін sim kids жобасының тәжірибесін кеңінен тарату керек. Байланыс нысандарын салу кезінде басы артық бюрократиядан арыла алмай келеміз. Кейде антенна бағанын орнату жұмыстарының өзі бір жылға дейін созылып кетуі мүмкін. Жаппай цифрландыру жағдайында мұндай үдерістерді оңтайландырып, барынша жеделдету керек, – деді ол.
Сонымен қатар Үкімет басшысы министрліктерге тапсырма берді.
Жасанды интеллект министрлігіне Өнеркәсіп және Құрылыс министрлігімен және байланыс операторларымен бірге бір ай мерзімде осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Елді мекендерде байланыс пен интернет сапасы төмен аймақтардың мәселесін біржола шешу үшін өңір әкімдіктеріне байланыс операторларына базалық станциялар орнатуға орын бөлуге, соның ішінде кез келген қолайлы нысандарда орналастыруға жәрдемдесуді тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!