Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған сәттен бастап сот-құқықтық реформаларды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде қазіргі таңда құқықтық мемлекеттің талаптарына сай келетін, тиімді әрі тәуелсіз сот жүйесі қалыптасты. Сот билігінің дербестігін қамтамасыз ету бағытында да ауқымды шаралар атқарылып, соттардың тәуелсіздігіне берілетін кепілдіктер күшейтілді.
Бүгінде басты міндет – қоғам сұранысына толық жауап беретін, әділ әрі қолжетімді сот жүйесін қалыптастыру. Осы мақсатта Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен жекелеген кассациялық соттар құру бастамасы іске асырылуда. Мемлекет басшысы әртүрлі кездесулерде азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау үшін дербес кассациялық соттардың маңызын үнемі атап өтіп келеді.
Соңғы жылдары Қазақстанның құқықтық жүйесінде жүзеге асырылып жатқан маңызды қадамдардың бірі – кассациялық соттардың құрылуы. Бұл жаңашылдық әділ сот төрелігін нығайтып, азаматтардың құқықтарын қорғаудың сапасын арттыруға бағытталған. Кассациялық соттар сот өндірісінің жаңа деңгейі ретінде сот актілерін қайта қарауға, заң нормаларының қолданылуын бағалауға және құқықтық қадағалауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Бірінші немесе апелляциялық саты соттарының шешімдеріне қанағаттанбаған азаматтар енді кассациялық тәртіппен шағымдану құқығын кеңінен пайдалана алады. Егер аудандық немесе облыстық соттардың шешімдері заңнамаға немесе сот практикасына сәйкес келмесе, кассацияда олар жойылуы, өзгертілуі немесе түзетілуі мүмкін. Жаңа кассациялық соттар төменгі сатыдағы соттардың іс жүргізу нормаларын қалай сақтағанын, дәлелдемелердің объективті бағаланғанын мұқият талдап, заңдардың дұрыс қолданылуын қамтамасыз етеді.
Дербес кассациялық соттар – сот жүйесінің жоғары буыны, олардың басты мақсаты – алдыңғы инстанциялар қабылдаған шешімдердің заңдылығы мен негізділігін тексеру. Бұл бастама сот жүйесінің тәуелсіздігін арттырып, объективті шешім шығаруға жол ашады.
Құқықтық мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – сот төрелігін үнемі жетілдіру және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау. Осы бағытта Қазақстанда жүйелі реформалар жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде кассациялық соттарды құру бастамасы – сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Бұл реформа сот төрелігінің сапасын арттырып, азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Кассациялық соттардың негізгі функциясы – сот шешімдерінің заңға сәйкестігін тексеру, апелляциялық алқалардың актілеріне құқықтық баға беру және заң талаптарының сақталуын қадағалау.
Алдағы уақытта кассациялық соттардың жұмыс істеуі сот жүйесіне жаңа серпін беріп, әділдікті қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін қалыптастырады. Сонымен қатар бұл институт сот шешімдерінің сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және елдің құқықтық жүйесін дамытуға елеулі үлес қосады.
Кассациялық соттарды құру жөніндегі іс-шаралар жоспары бірнеше маңызды бағыттарды қамтиды:– заңнаманы жетілдіру;– судьялардың кәсіби даярлығын арттыру;– материалдық-техникалық инфрақұрылымды нығайту;– халықпен ашық әрі тұрақты кері байланыс орнату.
Бұл шаралар сот өндірісінің ашықтығын арттырып, құқықтық қорғаудың тиімділігін күшейтеді.
Кассациялық соттардың дербес құрылуы төмендегідей артықшылықтар береді:
Сот жүйесінің тәуелсіздігі мен әділдігін күшейтеді.
Сот процесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырады.
Сот шешімдерінің сапасын жақсартады, судьялардың мамандануын тереңдетеді.
Қорытындылай келе, дербес кассациялық соттарды құру – Қазақстан сот жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталған батыл әрі маңызды қадам. Бұл реформа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, сот төрелігінің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Б.АЛЖАНОВА
Қызылорда қаласының №2 сотының бас маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
