Күн райының қолайсыздығына байланысты жарияланған ескертуді елемегендер 15 тәулікке қамалады. «Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысына осындай өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның заңды талаптарына бағынбау фактілері анықталған жағдайларда, көлік құралдарының жүргізушілеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 667-бабына сәйкес шаралар қабылданады», – делінген құжатта.
Кодекстің сәйкес бабы полиция қызметкерлерінің заңды өкіміне бағынбағандарға қатысты қолданылады.
«Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот орындаушысының заңды өкіміне бағынбау, олардың қызметіне кедергі келтіру ескерту жасауға немесе 30 АЕК (91 890 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға, не 15 тәулiкке дейiнгі мерзімге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді», – деп көрсетілген Кодекстің жаңа редакциясында.
Полиция ескертпесін елемей, бір жыл ішінде осындай әрекетін қайталаған жүргізушілер 20 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал, қамауға алынбайтындар (мүмкіндігі шектеулі адамдар) санатындағыларға 50 АЕК (152 150 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!