Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері үйлер мен ғимараттардың қабырғаларындағы есірткі сататын сайттарды жарнамалайтын граффити жазуларды жою бойынша іс-шараны өткізді. Шараға полицейлермен қатар еріктілер және жастар ұйымдарының мүшелері қатысты.
Рейд барысында қала бойынша сатуға тыйым салынған жарнамасы бар 10 – ға жуық жазба жойылды.
Мұндай шаралардың мақсаттарының бірі – қоғамның есірткіге қарсы күрес мәселесіне назарын аудару.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері Интернет желісіне мониторинг жүргізу барысында “Телеграм” қосымшасындағы интернет-сайттарды анықтады. Қазіргі уақытта бұл интернет арналар бұғатталды, сайттар мен жазбаларды орналастыруға қатысы бар адамдарды анықтау және оларды ұстау бойынша іздестіру шаралары жүргізілуде.
Есірткіні заңсыз жарнамалап, насихаттағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабының 1-бөлігіне сәйкес (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!