Ел аумағында 22-26 қыркүйек аралығында есірткі құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар және уытты заттардың заңды айналымын бақылауға бағытталған «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шара барысында бірқатар заңбұзушылықтар әшкереленді:
- 11 қылмыстық іс қозғалды (ҚК-нің 303-бабы бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты).
- 278 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Заңсыз айналымнан шамамен 7 мың дәрі-дәрмек және қосарлы мақсаттағы 80 тонна уытты зат тәркіленді.
Медицина саласында 190-нан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, 202 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналды.
Тәркіленгендер қатарында: 40 мыңға жуық есірткіге жататын таблетка, 290 мың психотроптық таблетка және 236 мың ампула бар.
Республика бойынша 519 медициналық мекеме, өнеркәсіп саласында 159 кәсіпорын мен 734 көлік құралы тексерілді. Соның нәтижесінде:
- 60 құқықбұзушылық тіркеліп, 2 мың тонна прекурсордың айналымына шектеу қойылды.
- 20 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Аймақтардағы фактілер:
- Ақтөбе облысында Қытайдан 80 тоннадан астам уытты зат лицензиясыз әкелінгені анықталды (құны 86 млн теңге).
- Шығыс Қазақстан облысында бір ЖШС дәріханасында рецептісіз сатылған дәрілерден 35 мыңнан астам таблетка тәркіленді.
- Батыс Қазақстан облысында 40 жастағы тұрғынның үйінен лицензиясыз психотроптық препараттар табылды.
Қарағанды облысында Астанадан Қарағандыға бағыт алған автокөліктен жалпы құны 240 мың теңгеден асатын дәрілердің («Тропикамид», «Прегабалин», «Медазепам») 82 қаптамасы алынды.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, мұндай шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!