Цифрлық технологиялардың дамуы адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, жаңа мүмкіндіктер есігін ашты. Алайда интернет кеңістігінің кеңеюі қоғамға бұрын болмаған қауіптерді де әкелді. Соның ең таралған және қауіпті түрінің бірі – интернет алаяқтық.
Бұл қылмыс азаматтардың мүлкіне, жеке деректеріне және жалпы сеніміне нұқсан келтіріп, қоғам қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіреді.Интернет алаяқтық – ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, бөтеннің мүлкін немесе мүлікке қатысты құқықтарын заңсыз иемдену мақсатында жасалатын әрекет. Қазіргі таңда алаяқтардың қолданатын әдістері сан алуан: жалған интернет-дүкендер ашу, сыйақы немесе ұтыс уәде ету, «жеңіл несие» мен «инвестициялық жоба» ұсынып алдау, банктер мен ұйымдардың атын жамылып жалған сілтемелер жіберу, әлеуметтік желілер арқылы сенімге кіру немесе азаматтардың банк картасы деректерін сұрату. Мұндай тәсілдердің барлығы адамның сенімін теріс пайдаланып, жеке ақпарат пен қаржыны иемденуге бағытталған.Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі интернет арқылы жасалған алаяқтыққа қатаң жауапкершілік белгілейді. Қылмыстың ауырлығына байланысты айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделеді. Әсіресе ақпараттық технологияларды пайдалану ауырлататын мән-жай саналып, жаза көлемінің ұлғаюына әкеледі. Бұл мемлекет тарапынан интернет арқылы жасалатын құқықбұзушылықтарға қарсы күрестің күшейіп отырғанын көрсетеді.Интернет алаяқтықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі. Интернетте қауіпсіз әрекет ету мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы. Белгісіз тұлғаларға жеке мәліметтерді бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, интернет-дүкендердің ресми деректерін тексеру, карта деректерін ешкімге жарияламау, күмәнді инвестиция мен қаржылық пирамидалардан аулақ болу – қауіптен сақтанудың ең тиімді құралдары.Цифрлық әлем қаншалықты дамыса да, адамның жеке сақтығы мен құқықтық сауаттылығы – қауіпсіздіктің негізгі негізі. Әрбір азамат өз деректерінің құндылығын түсініп, интернеттегі кез келген әрекетіне мұқият қараса, алаяқтардың арбауына түсу қаупі азаяды. Қоғам болып интернет мәдениетін арттыру – онлайн қауіпсіздіктің басты кепілі.
Ердәулет Бахытжан Ермекұлы
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының жетекші маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
