Жұма, 27 қыркүйек, 03:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№76-2086
24.09.2024
PDF мұрағаты

Кассациялық сот құру – қоғамның әділ талабы

19.09.2024

244 0

Сот жүйесін жетілдіру, бұл бағыттағы шараларды сапалы жүзеге асыру – заң үстемдігін қамтамасыз етудегі басты басымдықтың бірі. Себебі қарапайым халықтың сот пен судьяға деген сенімі билік пен мемлекетке деген сеніммен бірдей. Сот жүйесін жаңғырту реформасы дәл қазір белсенді кезеңде деп айтуға болады. Өйткені қазіргі уақытта Президенттің бағдарламалық құжаттарында айтылған тапсырмалар тұрақты орындалып келеді. Судья ретінде де, қарапайым адам ретінде қоғамға реформа ғана емес, сот төрелігін атқару сапасының да жоғары болғаны маңызды. Халықтың сот жүйесіне деген үміті мен сұранысы күннен-күнге артып келеді. Елімізде жаңа кассациялық сот құрылады. Жүйе сот төрелігі мен әділдігінің артуына септігін тигізбек. Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында қаралған «сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заң жобасында осындай ұсыныс бар. Сондай-ақ, құжатта сот төрелігінің сапасын, судьялардың кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған тетіктер қарастырылған. Кассациялық сот Астана қаласында отырып, бүкіл республикалық деңгейде жұмыс істейді. Төменгі сот шешімімен келіспегендер бірден осында жүгіне алады. Бұл – сот жүйесінің әділ жұмыс істеуіне кепілдік беріп, азаматтардың сенімін арттырады. Әрбір демократиялық мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ‒ елде заң үстемдігін орнату, ел азаматтары құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету екені даусыз. Ал сот ісін жүргізу мәселесі ең өткір, күрделі және өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі әр сот сатысы жұмысының тиімділігіне тікелей байланысты. Жуырда ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 5 шілдедегі № 109-VIII Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына қол қойып, аталған Конституциялық Заңға сай, еліміздің астанасында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот құрылатыны мәлім болды. Сонымен бірге жаңа заңға сәйкес Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Сот төрелігін тек жергілікті және кассациялық соттар ғана жүзеге асырады. Жоғарғы Соттың негізгі мақсаты сот тәжірибесін нақтылау және біркелкілігін қамтамасыз ету болады. Осыған байланысты Жоғарғы Сот судьясының бастамасы бойынша жоғары сот органы жергілікті соттардың шешімдерін ерекше жағдайларда ғана, яғни, егер сот тәжірибесіне қайшы келетін шешімдер қабылданса және құқықты дамыту мүддесінде қайта қарауды талап етсе ғана қайта қарай алады. Осы орайда, кассациялық соттардың құрылуы бойынша бірқатар сұрақтарға жауап іздеп көрсек. Кассациялық соттардың істерді қарау тәртібі мен мерзімі қандай? Кассациялық тәртіптегі істер алдын ала қаралмай, үш судьядан тұратын алқаға тікелей жіберілетін болады. Кассациялық сот республикалық деңгейде жұмыс істейді және ондағы істердің қаралу мерзімі алты айдан аспайды. Сот талқылауы тараптардың шақырылуымен ауызша жүргізіледі. Кассациялық соттың өкілеттіктері қандай болмақ? Кассациялық сот, сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды; сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды; заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады. Сот беделі – мемлекеттің беделі. Мемлекеттің бедел-абыройы қоғамның дамып гүлденуінің алғышарты. Ал халыққа керегі – тәуелсіз және әділетті сот. Алдағы уақытта Кассациялық сотты тәжірибеге енгізу сотқа кететін қаржыға нұқсан келтірмей, азаматтардың ұсыныс-талабын ескере отырып шешім шығаруға жол ашады. Президенттің Кассациялық сот құру туралы ұсынысы қазір қоғам тарапынан қызу талқылануда. Азаматтар төменгі сатыларда дұрыс зерделенбеген мәселесі  жоғары сатыларда әділ шешімін табады деп үміттенеді. Ал істі алқалы құрамның қарауы бұл сенімді одан сайын бекіте түседі. Өйткені, алқадағы бір судьяның байқап, зерделемегені қалған екі судьяның назарынан сырт қалуы мүмкін емес. Азаматтарды әуре-сарсаңнан құтқарып, істерін жедел қарату үшін кассациялық алқаны бірнеше өңірде құру да артықтық етпейді.

Рустемов Сабит Нематиллаевич Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: