Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Кассациялық сот құрудың маңызы мен ерекшелігі

16.10.2024

497 0

Кассация – латын тілінің quasso – талқандаймын, қиратамын, cassatіon – жою, бұзу – деген мағынаны білдіреді.
1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 7-бабының 4-1) тармағында, кассациялық саты – бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың заңды күшіне енген үкімдеріне, қаулыларына кассациялық шағымдар (наразылықтар) бойынша істі қарайтын сот – деп көрсетілген болатын.
Кассациялық сатыда істерді қарауды облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының төрағалық етуімен кемінде үш судья құрамындағы алқа жүзеге асырады. Бұл дегеніміз – кассациялық саты соты облыстық және оларға теңестірілген соттардың өкілеттігінде болғанын білдіреді.
Ал, қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 7-бабының 14) тармағында, кассациялық саты – iстi бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың үкімдеріне, қаулыларына өтінішхаттар, ұсынулар, наразылықтар бойынша қарайтын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасы – деп көрсетілген. Яғни кассациялық тәртіппен істерді қарау, тек Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының алқасына тиесілі өкілеттік.
Жоғарғы Сот бірінші сатыдағы соттар шығарған, заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларға өтінішхаттар бойынша олар апелляциялық сатыда қаралғаннан кейін, прокурордың наразылықтары бойынша, сондай-ақ апелляциялық сатыдағы үкімдер мен қаулыларға өтінішхаттар мен наразылықтар бойынша істерді кассациялық тәртіппен қарайды.
Жалпы, кассациялық соттардың құрылуы кезінде олардың тиімді жұмыс істеуі, судьялардың шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екендігі қарастырылады.
Әрине, сот отырысында екі тараптың мүддесі қозғалғандықтан, жеңілген тараптың өкпе-реніші болатыны рас. Бірақ, дауларды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, сот актілерін түсіндіру, сот отырыстарын дыбыс-бейне таспаға жазу бойынша жүзеге асырылған шаралар сот жұмысындағы төрелік ету кезінде әділ шешімге деген өз көзқарастары мен сенімдерін арттырды деп айтуға болады. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бұл нәтижемен тоқтап қалмай, төрелікке деген сенімді қалыптастыруға түрткі болатын тетіктерді жан-жақты қарастыруда.
Атап айтқанда, негізгі бастама ретінде кассациялық сот құру басты назарда тұрғаны сөзсіз.
Жария-құқықтық дауларды шешуге қадам жасалып, әкімшілік әділет институты қолданысқа енгізілген жылдың ішінде сот шешімдерінің 60 пайыздан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешілгені белгілі. Бұл халық өкілдерінің сотқа, әділдікке деген сенімін нығайтты. Ал алдағы уақытта кассациялық саты сотын тәжірибеге енгізу сотқа кететін қаржыға нұқсан келтірмей, азаматтардың ұсыныс-талабын ескере отырып шешім шығаруға мүмкіндік болады. Президенттің кассациялық саты сотын құру туралы ұсынысы қазір қоғам тарапынан қызу талқылануда. Ең бастысы, бұл кассациялық саты соты толық тәуелсіз болғаны жөн деген пікірлер айтылуда.
Сондықтан, кассациялық саты сотын құру еліміздегі сот жүйесінің дамуына өз үлесін қосып, халықтың сот әділдігіне деген көзқарасын дұрыс жағына өзгертіп, сенімін арттырады.

Г.Чингисов
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: