Қазақстанда соңғы жылдары сот жүйесін жетілдіруге бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – сот төрелігінің әділдігін, тәуелсіздігін және халықтың сот билігіне деген сенімін арттыру. Сол бағыттағы маңызды жаңалықтардың бірі – дербес кассациялық соттарды құру бастамасы. Бұл қадам елдегі сот инстанцияларының жұмысын нақты бөлуге және сот тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Кассациялық саты сот жүйесіндегі ерекше орын алады. Ол төменгі және апелляциялық соттардың шешімдерін заңдылық тұрғысынан қайта қарайтын ең жоғарғы сот буыны болып есептеледі. Кассациялық саты істің мән-жайын қайта қарамайды, тек заңның дұрыс қолданылуын тексереді. Осыған дейін кассациялық функцияларды Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты атқарып келген. Алайда бұл құрылымның жүктемесі тым көп болғандықтан, заңдық тұрғыдан талдау мен тәжірибе біркелкілігін қамтамасыз ету кейде қиындық тудырды. Сондықтан мемлекет сот жүйесін реформалау арқылы дербес кассациялық соттарды құруды ұйғарды.
Бұл реформаның негізгі мақсаттарының бірі – сот тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз ету. Бұған дейін кей жағдайларда әртүрлі өңірлердегі апелляциялық соттар ұқсас істер бойынша әртүрлі шешімдер қабылдайтын. Мұндай қайшылықтар заңды қолданудың бірыңғай стандарттарын қалыптастыруды қиындататын. Дербес кассациялық соттар бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді. Олар тек заңның біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге және қателіктерді түзетуге бағытталады.
Жаңа жүйенің енгізілуі бірқатар артықшылықтар береді. Ең алдымен, сот төрелігінің сапасы жақсарып, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімі күшейеді. Кассациялық шағымдар неғұрлым жедел әрі нақты қаралады, заң бұзушылықтар азаяды. Сонымен қатар, сот шешімдерінің бірыңғай практикасы қалыптасады, бұл құқық қолдану мәдениетін арттырады.
Алайда жаңа реформаны іске асыру барысында бірқатар қиындықтар туындауы мүмкін. Біріншіден, кадр тапшылығы мәселесі. Кассациялық соттар жоғары кәсіби деңгейдегі судьяларды қажет етеді. Сондықтан білікті кадрларды даярлау және іріктеу маңызды рөл атқарады. Екіншіден, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мен ұйымдастыру жұмыстары да үлкен дайындықты қажет етеді. Үшіншіден, жаңа жүйеге бейімделу кезеңінде соттар арасындағы өзара іс-қимылда үйлестіру мәселелері туындауы мүмкін.
Қорытындылай келе, дербес кассациялық соттарды құру – еліміздің сот жүйесін реформалаудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастама әділдік қағидаттарын нығайтып, сот төрелігінің сапасын арттыруға бағытталған. Әділ әрі тәуелсіз кассациялық соттар жұмыс істей бастаған жағдайда, азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейі жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. Реформаның табысты болуы кадрлық, құқықтық және ұйымдастырушылық дайындыққа тікелей байланысты. Сондықтан мемлекет пен сот органдары бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруы тиіс.
Қызылорда қаласының №2 соты жетекші маманы М.Д.Атабаева
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!