Қазіргі құқықтық мемлекет жағдайында сот төрелігінің әділдігі мен заңдылығын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі болып табылады. Осы тұрғыда кассациялық тәртіп сот актілерінің заңдылығын тексерудің маңызды тетігі ретінде ерекше рөл атқарады.
Кассациялық өндіріс – заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін жоғары тұрған сот сатысында қайта қарау нысаны. Бұл институттың басты мақсаты – төменгі сатыдағы соттар жіберген құқықтық қателіктерді түзету, заң нормаларын біркелкі қолдануды қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Кассациялық тәртіптің негізгі ерекшелігі – ол істің мән-жайын қайтадан толық қарауға емес, сот актілерінің заң талаптарына сәйкестігін тексеруге бағытталған. Яғни, кассациялық саты дәлелдемелерді қайта бағаламайды, керісінше соттардың материалдық және процессуалдық құқық нормаларын дұрыс қолданған-қолданбағанын анықтайды.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кассациялық саты соттары құқықты қолдану тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде құқықтық айқындықты қалыптастырып, сот жүйесіне деген сенімді арттырады.
Сонымен қатар, кассациялық тәртіп азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтірудің қосымша кепілі болып табылады. Егер бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттарда заң бұзушылықтар орын алса, кассациялық саты оларды жоюға мүмкіндік береді.кассациялық тәртіп – сот актілерінің заңдылығын қамтамасыз етудің маңызды кепілі ғана емес, сонымен бірге құқық үстемдігін жүзеге асырудың негізгі құралдарының бірі. Ол сот жүйесінің сапасын арттырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған тиімді құқықтық болып табылады.
С.Қыпшақбаева,
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
