Павлодар қаласында зейнеткерге телефон арқылы жасалған алаяқтық әрекетінің жолы кесілді, – деп хабарлайды KAZINFORM
Polisia.kz-тің мәліметіше, белгісіз тұлғалар әйелге домофон қызметінің қызметкерлері ретінде қоңырау шалып, құрылғыны ауыстыру қажеттігін айтып, тіркеу үшін СМС-кодты беруін сұраған. Әйел алынған кодты хабарлағаннан кейін оған қайта хабарласып, рұқсатсыз кіру болғанын жеткізген. Кейін алаяқтар өздерін құқық қорғау органдары мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ретінде таныстырып, шоттағы ақшаны шұғыл шешіп алу және әрі қарайғы нұсқауларды күту қажеттігін түсіндірді.
– Алаяқтардың нұсқауын орындаған әйел қаладағы екі екінші деңгейлі банк бөлімшесіне барып, қаражат шешу және несие рәсімдеу әрекетін жасаған. Екінші банк қызметкерлері алаяқтық белгілерін байқап, полицияға хабарлаған. Осылайша құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлерінің қырағылығының арқасында зейнеткер 5 миллион теңгеден айырылмады, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжанов.
Зейнеткер полицияға алғысын білдіріп, қаражатын сақтап қалуға көмектескен қызметкерлердің іс-әрекетін бағалады.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырып, мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан СМС-кодтарды сұрамайтынын, шоттағы қаражатты шешуді немесе аударуды талап етпейтінін ескертеді. Осындай қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, дереу полицияға хабарласу қажет.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
