Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты автокөлік сату-сатып алу келісімшарты бойынша туындаған дау ісін қарады. Ер адам автокөлік сатып алған соң, келісілген 7 миллион теңгені төлемей қойған. Сот қарызды, өсімпұлды және сот шығындарын өндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы 21 наурызда Х. мен А. арасында көлік сату-сатып алу туралы келісім жасалған. Келісім бойынша автокөліктің құны – 10,5 миллион теңге. Оның 3,5 миллионы мәміле жасалғанға дейін төленген, ал қалған 7 миллион теңге 2024 жылғы 21 мамырға дейін төленуі тиіс болған.
Алайда шарттың орындалмауына байланысты Х. сотқа жүгініп, негізгі қарызды, өсімпұлды және сот шығындарын өндіруді сұраған.
Өз кезегінде жауапкер А. қарызды бұрынғы жұбайы арқылы толық өтегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, олар арасында осындай есеп айырысу жөнінде ауызша келісім болған.
Сот отырысы барысында үшінші тұлғадан аударылған ақшалай қаражаттың көлік үшін төлем екенін дәлелдейтін ешқандай белгі, түсіндірме немесе ресми құжат ұсынылмағаны анықталды. Сондай-ақ жауапкердің міндеттемесін өзге тұлғаға беру туралы жазбаша келісім де істің материалдарында болмаған, – деп хабарлады Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Сот сату-сатып алу шартының заңды екенін, көлік нақты берілгенін растады. Дегенмен, жауапкердің 7 миллион теңге сомасындағы қарызды өтегенін растайтын дәлел табылмаған.
Нәтижесінде сот шешімімен жауапкерден 7 миллион теңге қарыз сомасы, өсімпұл және сот шығындары өндірілді.
Шешім заңды күшіне енген және жауапкер оны өз еркімен орындаған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
