Мұқағали Мақатаевтың қазақтың маңдайына біткен арқалы ақын екенін мұқым ел тегіс біледі. Бүгін оның дүние дидарын көрген күні. Ақынның туғанына 95 жыл толуына орай, қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №6 кітапхананың ұйымдастыруымен ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде шаруашылық бөліміне қалдырылған жазасын өтеушілерге поэзия сағаты өткізілді.
Мәдени іс-шараның шымылдығын мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әділет майоры Тұрымбетов Мирамбек Ұзақұлы ашып берді. Кейін кітапхананың аға кітапханашысы Тайлыбаева Айнұр Нұрылдақызы ақынның өмір жолына тоқталып, керек деректермен бөлісті. Бұл ретте, жазасын өтеушілер де білгенін ортаға салып, Мұқағали поэзиясын парақтап, өлең оқи жөнелді. Осы бір сәтте шығармашылық әлеуеттің жоғары екені байқалғаны рас.
Мазмұнды іс-шара сазды үнмен жандана түсті десек, артық емес. Баян аспабының сүйемелдеуімен М.Мақатаевтың сөзіне жазылған “Сәби болғым келеді”, “Есіңе мені алғайсың” сынды сезімді сөйлетер әндер шырқалды.
Сонымен қатар, Гүлзат Залиева да ақиық ақынның шығармашылығы жайында шабыттана сөйлеп, туындысына терең бойлап, талдау да жасады. Мұның бәрі жақұт жыр мен есті әнді жадыда қайта жаңғыртқанына шүбә жоқ.
Іс-шара соңында жазасын өтеушілер басшылық пен кітапхана ұжымына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, кітапхана ұжымы мекемеге он шақты кітап тарту етті. Алдағы уақытта да қос тараптың рухани байланысы үзілмек емес.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!