Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің ең жоғары заңдық күші бар басты нормативтік-құқықтық актісі. Ол мемлекетіміздің тәуелсіздігін, тұтастығын және тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі тірек болып табылады. Конституция – қоғамның саяси, әлеуметтік және құқықтық жүйесінің үйлесімді дамуының кепілі.
1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституция Қазақстанның құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде дамуына кең жол ашты. Онда адамның және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтары айқын көрініс тапқан. Конституцияның 1-бабында еліміздің ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілуі – мемлекет саясатының адамға бағытталғанының дәлелі.
Сот билігі Конституцияның 3-бабына сәйкес, заң шығару және атқарушы билікпен қатар мемлекеттік биліктің дербес тармағы болып табылады. Тергеу соттары өз қызметінде Конституция қағидаттарын басшылыққа ала отырып, жеке адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше мән береді. Әрбір іс материалын қарау барысында судья мен сот қызметкері әділдік, бейтараптық және заңдылық қағидаларын ұстануы тиіс.
Конституцияда бекітілген билік тармақтарының тепе-теңдігі мен өзара іс-қимылы – мемлекеттегі құқықтық тәртіптің және демократиялық қағидалардың сақталуына кепілдік береді. Бұл қағидаттар сот жүйесінің ашықтығын, азаматтардың сотқа сенімін арттыруды қамтамасыз етеді.
Бүгінде елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен Конституцияға енгізілген өзгерістер қоғамның жаңару бағытын көрсетеді. Бұл өзгерістер Қазақстанның құқықтық жүйесін жетілдіріп, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған.
Қорытындылай келе, Конституция – ел болашағының іргетасы, әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігінің кепілі. Негізгі Заңды құрметтеу – мемлекетке деген сенім мен сүйіспеншіліктің көрінісі, ал оны сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз.
Бодыкова Ақзер Ғалымқызы
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының
бас маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
