Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің ең жоғарғы заңдық күші бар, бүкіл құқықтық жүйенің іргетасы саналатын Негізгі Заң. Конституция мемлекеттік билік тармақтарын айқындап, олардың өзара әрекеттесу механизмдерін белгілейді, сондай-ақ адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылады.
Конституциялық қағидаттар сот төрелігін жүзеге асыруда ерекше маңызға ие.Конституцияның 3-бабының 4-тармағында: «Мемлекеттік билік үш тармаққа бөлінеді: заң шығарушы, атқарушы және сот билігі» деп белгіленіп, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі арқылы өзара іс-қимыл жасайтындығы атап көрсетілген.
Сот билігі атынан әділдік тек соттар арқылы жүзеге асырылады. Бұл қағида Конституцияның 75-бабында нақтыланған. Аталған бапта соттардың тәуелсіздігі, судьялардың қауіпсіздігі, ешкімнің сот үкімін өзгертуге құқығы жоқтығы баяндалған.
2022 жылғы конституциялық реформа мемлекетіміздің құқықтық дамуына тың серпін берді. Атап айтқанда, Конституциялық Соттың қайта құрылуы, адам құқықтарын қорғау тетіктерінің күшеюі, жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екендігі туралы норманың енгізілуі – мұның барлығы сот жүйесінің қызметіне де ықпалын тигізді.
Құқықтық мемлекеттің негізі – азаматтардың құқықтық санасы мен сот жүйесіне деген сенімі. Ал бұл сенімнің тірегі – Конституция мен оның негізінде әділетті түрде шығарылатын сот актілері.Қылмыстық процесте адам құқығының шектелуі тек соттың санкциясымен жүзеге асатыны – Конституцияда белгіленген маңызды кепілдіктердің бірі. Конституцияның 16-бабы 2-тармағына сәйкес, «ешкімді қамауға алуға соттың санкциясынсыз немесе прокурордың санкциясынсыз болмайды». Бұл норма тергеу судьясының конституциялық мәртебесін айқындайды.
Тергеу судьясының шешімдері адам құқығын тікелей қозғайтындықтан, мұндай істерде Негізгі Заң нормалары әрбір процестік әрекеттің заңдылығын бағалаудың басты критериі болуға тиіс.
Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес, ол – ел бірлігі мен әділеттіліктің символы. Сот жүйесі, соның ішінде тергеу соты, осы Негізгі Заңға сүйене отырып, әрбір шешімді әділетті, заңды және адам құқығын сақтай отырып шығаруға міндетті. Сондықтан Конституцияны терең түсініп, оны тәжірибеде қолдану – құқық саласындағы әрбір маманның кәсіби және азаматтық борышы.
Қанат Нұржігітов,
Қызылорда қаласының
мамандандырылған тергеу
сотының бас маман-сот отырысының хатшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!