Арал аудандық сотында 2023 жылы масаң күйде көлік басқарған жүргізушілерге қатысты 79 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралған.
Жол жүру ережесін өрескел бұзған жүргізушілердің кінәсі медициналық куәләндырудың қорытындысымен расталып, соның нәтижесінде оларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 608-бабымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылған.
Сотта аталған жүргізушілерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралып, ӘҚБтК-нің 608-бабында көзделген құқық бұзушылық құрамының белгілеріне қарай әкімшілік қамаққа алу және көлік құралын басқару құқықтарынан айыру жазасы тағайындалған.
Көлікті масаң күйде жүргізген жүргізуші үшін тағайындалатын жаза қаншалықты қатал болса да, ішімдік ішіп көлік жүргізу әрекеті тыйылмай келеді.
Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күндерінде қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қатарын, масаң күйде көлік тізгіндеген азаматқа қатысты іс құрап отыр. Азамат Е. 4 қаңтар күні өзінің басқаруындағы автокөлігін алкогольдік ішімдік ішкен масаң күйінде тізгіндеген. Құқық бұзушының ішімдік ішкен күйде болғандығы медициналық куәләндырудың қорытындысымен расталған. Сондай-ақ, құқық бұзушы сот отырысында өз кінәсін мойындаған.
Жасаған құқық бұзушылығы үшін ол кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жазаға тартылған.
Мас жүргізуші өз өміріне қауіп төндіріп қоймайды, сонымен қатар айналасындағылардың да өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан да, ішімдік ішіп көлік басқару орны толмас қайғыға себепші болатынын естен шығармайық.
Арал аудандық соты
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!