Дүйсенбі, 13 қазан, 19:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№77, 2189
11.10.2025
PDF мұрағаты

Медиация – қоғамдағы татулық пен келісімнің кепілі

13.10.2025

42 0

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Қазіргі таңда қоғамдағы дауларды шешудің баламалы тәсілдері кеңінен дамып келеді. Солардың ішінде ерекше маңызға ие бағыт – медиация институты. Медиация – дауласушы тараптардың өзара келісімге келуіне, бір-бірін түсіністікпен тыңдап, ортақ шешім табуына мүмкіндік беретін татуластру рәсімі. Бұл тәсіл сот жүйесіне түсетін жүктемені азатп қана қоймай, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдағы бейбіт қатынастарды нығайиуға зор үлес қосады.

«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдалдық», «аралық ету» деген мағынаны білдіреді. Мұнда басты мақсат – жеңімпазды немесе жеңілгенді анықтау емес, керісінше, екі жақты да қанағаттандыратын келісімге келу.

Қазақстан Республикасында медиация институтының құқықтық негізі 2011 жылғы «Медиация туралы» Заңның қабылдануымен қаланды. Бұл заң медиацияның тәртібін, медиаторлардың мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін айқындап берді. Сонымен қатар, Қылмыстық іс жүргізу кодексі, Азаматтық іс жүргізу кодексі, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі секілді заң актілерінде де медиацияны қолдану тәртібі көзделген.

Соңғы жылдары елімізде медиацияның дамуына ерекше назар аударылып келеді. Соттар жанынан татуластыру орталықтары ашылып, кәсіби медиаторлар қауымдастығы құрылды. Сонымен бірге ауылдық елді мекендерде қоғамдық медиаторлардың қызметі жолға қойылып, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Медиация институтының қылмыстық құқық саласындағы маңызы ерекше. Бұл бағыттағы ең басты құқықтық негіз – Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабы, ол «Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» деп аталады.

Аталған бапқа сәйкес, егер жәбірленуші мен күдікті (немесе айыпталушы) өзара татуласса және келтірілген зиян толық өтелсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Бұл норма онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстарға ғана қолданылады. Олар: денсаулыққа жеңіл зиян келтіру, ұсақ ұрлық, абайсызда мүліктік залал келтіру, тұрмыстық немесе көршілік жанжалдар. Осы жағдайда медиация рәсімі – 68-баптың нақты жүзеге асуына мүмкіндік беретін заңды жол.

Бұл жерде медиацияның рөлі айрықша: ол қылмысты бейбіт жолмен шешуге, жәбірленушіге келтірілген зиянды өтеп, екі жақтың да өзара кешірім мен түсіністікке келуіне жағдай жасайды.

Медиацияның басты артықшылығы – оның бейбіт жолмен, қысқа мерзімде және аз шығынмен жүзеге асуы. Сот арқылы дауды шешу айлап, тіпті жылдап созылуы мүмкін болса, медиацияда тараптар бірнеше күннің ішінде келісімге келе алады.

Медиация – бұл тек құқықтық тетік емес, сонымен қатар қоғамдық мәдениеттің көрсеткіші. Ол адамдардың дау-дамайды соттасусыз, өзара түсіністік пен келісім арқылы шешуге болатынын дәлелдейді.Медиация институтын дамыту – елдегі құқықтық реформалардың, азаматтық қоғамның және ұлттық татулықтың маңызды бөлігі. Сондықтан әрбір азамат медиацияның мәнін түсініп, оны өмірде қолдана білсе, қоғамдағы тұрақтылық пен әділдік одан әрі нығая түсері сөзсіз.

Ж.Касымова,

Қызылорда қаласының №2 сотының бас маман-сот отырысының хатшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: