Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мейірімді майор

07.03.2023

661 0

Құқық қорғау саласы – табандылық пен жігерді талап ететін қызметтің бірі. Әдетте мұндай қасиеттер ер адамның бойынан табылады. Алайда иығына погон тағып, жауапты қызметте жарқ етіп жүрген нәзік жандар да аз емес. Соның бірі – полиция майоры Алуа Бейсетаева. Ол – Қызылорда облыстық полиция департаменті қызмет бөлімінің басшысы.

Алуа Қыдырбайқызы Алматының тумасы. Де­генмен балалық шағы Сыр елінде өткен ол Тереңөзек кентіндегі №35 орта мек­тепте білім алған. 9-шы сыныпты тәмамдаған соң Шымкент қаласындағы «Шымкент экономика және құқық» колледжінде оқы­ған. Кейін Оңтүстік Қазақстан аймақтық гуманитарлық институтында «Құқықтану» факультетін бітіріп, заңгер маман­дығын алады. Ал құқық қорғау саласында қызмет ету оның бала кезден арманы.

− Әкем Қыдырбай Бейсетаев 1982-1994 жылдар аралығында Сырдария, Жаңақорған мен Тереңөзек аудандарының ішкі істер бөлімдерінде жедел қызметте жұмыс істеді. 1994 жылы жол апатынан дүние салды. Мен бала кезімнен әкемнің қызметтік формасына, милиция көлігіне қатты қызығатынмын. Бүгінде осы салада қызмет етуімнің басты себебі де осы балалық арман, − дейді полиция майоры.

2007 жылдан бері ішкі істер қызметінде еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз бұл жауапты қызметтегі қиындықтарымен де бөлісті. Әйел адамға бұл салада еңбек етудің оңай еместігін жасырмады. «Біздің қызмет уақыт талғамайды. Таңнан кешке дейін жұмыста болуың міндетті. Кейде тіпті түнгі уақытта да жұмысқа келуің керек. Алайда бала арман бұл қиындықтардың барлығын еңсеруге септігін тигізеді. Сонымен қатар әйел азаматына демеу де маңызды. Бұл тұста жұбайымның маған деген көмегі мол. Менің таңдауымды сыйлайды, түсінеді. Сол үшін қолдау білдіреді, қолынан келген көмегін аямайды. Бала тәрбиесіне көңіл бөлуді де ұмытпайды», − дейді кейіпкеріміз.

Айта кетерлік жайт, шенді нәзік жан отбасылық өмірде аяулы ана. Екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отырған Алуа Бейсетаева отбасыны да бірінші орынға қойып, шаңырақтың берекесін сақтауда аянып қалған емес. Одан бөлек бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөледі. Ол ең бірінші кезекте балаларының ойын тыңдап, содан соң ғана шешім шығарады. Керек кезде ақылын айтып, оң бағытқа жол сілтейді. Міне, отағасы мен отанасының осындай берекелі тірлігінің нәтижесінде бүгінде олардың шаңырағы бақытты да баянды күн кешуде.

8 наурыз – халықаралық әйелдер күнінде маңызы мен жауапкершілігі зор қызметтегі аяулы жандарды жазбай кетуге болмайды. Табанды әрі антына берік аруларды біз де мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз. Бүгінгі кейіп­керіміз Алуа Қыдырбайқызы да осы атаулы күнде барша аруларды мерекемен құттықтап, «Отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға береке тілеймін. Қашанда гүлдей құлпырып, бақытты да баянды ғұмыр кешіңіздер», − деген жылы лебізін жеткізді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: