Петропавлдағы мектептердің бірінде жоғары сынып оқушысы сабаққа тапанша алып келген. Оқиғаға қатысты СҚО полициясы ақпарат жолдады, – деп хабарлайды kursiv.media
Ведомствоның Kursiv.Media-ға жолдаған ақпаратына сүйенсек, тапанша атыс қаруы емес, пневматикалық болған. Оқиғаға қатысты зардап шеккен адам жоқ. Дегенмен оқушы мен оның ата-анасы жауапқа тартылады.
«Талқылау қорытындысы бойынша кәмелетке толмаған бала ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның заңды өкілі – баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Білім беру органдарының атына болған оқиғаға ықпал еткен факторларды жоюға бағытталған шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгізілді», – деп хабарлады полиция департаменті.
Тексеру аяқталғаннан кейін мектеп басшылығы, сондай-ақ осы оқу орнындағы қауіпсіздікке жауапты күзет агенттігінің қызметкеріне қатысты қандай шешім қабылданатыны белгілі болады.
Оқиға 5 ақпанда болған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оқушы тапанша алып келген. Осы жағдайдан кейін мектеп әкімшілігі шара қабылдап, қауіпсіздікті күшейткен.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
