Мемлекеттік қызмет – бұл елдің дамуы мен халықтың әл-ауқаты үшін атқарылатын ең жауапты әрі абыройлы міндеттердің бірі. Мемлекеттік қызметшілер мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір іспетті. Олар мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, халықтың сенімін ақтауға тиіс. Сондықтан да бұл салада адалдық, әділдік, кәсібилік пен жауапкершілік – басты қағидаттар болып саналады.
Мемлекеттік қызметші – халыққа қызмет етуші тұлға. «Халыққа қызмет – Хаққа қызмет» деген дана сөздің мәні де осында. Мемлекеттік қызметшінің негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, қоғамда әділдік пен тәртіп орнатуға үлес қосу. Бұл жолда әрбір қызметкер өзінің лауазымдық міндеттерін мүлтіксіз орындап, ел мүддесін бәрінен жоғары қоюы керек.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет жүйесі заман талабына сай жетіліп келеді. Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет туралы заңнама халыққа ашық, тиімді және сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік тарапынан меритократия қағидаты енгізіліп, кәсіби және білікті мамандарды тартуға баса назар аударылуда. Яғни, мемлекеттік қызметке кездейсоқ адамдар емес, өз ісінің шеберлері, жоғары білікті, жауапкершілігі мол тұлғалар қабылданады.
Мемлекеттік қызметші болу – тек жұмыс істеу емес, бұл үлкен жауапкершілік пен қоғам алдындағы міндет. Себебі, әрбір мемлекеттік қызметшінің іс-әрекеті халықтың мемлекетке деген көзқарасын қалыптастырады. Егер ол өз қызметін адал, әділ және ашық түрде атқарса, халықтың сенімі артып, мемлекеттің беделі жоғарылайды. Ал керісінше жағдайда, бір қызметкердің теріс қылығы бүкіл мемлекеттік аппараттың абыройына нұқсан келтіреді.
Сондықтан, мемлекеттік қызметшілердің этикалық мәдениеті мен кәсіби әдебі ерекше маңызға ие. Қызмет барысында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, жеке басының пайдасын емес, қоғамның мүддесін ойлау – басты талаптардың бірі. Бұл бағытта елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жүргізіліп, қоғамда әділдік пен ашықтық қағидаттары орнығып келеді.
Мемлекеттік қызметтің тағы бір ерекшелігі – үздіксіз даму мен білімін жетілдіруді талап етуі. Қазіргі жаһандану заманында мемлекеттік басқару жүйесі күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер де жаңа технологияларды меңгеріп, заманауи басқару әдістерін үйреніп, халықпен тиімді коммуникация орната білуі қажет.
Мемлекеттік қызметшінің беделі тек оның лауазымымен емес, адамгершілік қасиетімен, әділдігімен және қарапайымдылығымен өлшенеді. Халық арасында бедел жинау – жылдар бойы адал еңбек пен мінсіз қызметтің нәтижесі.
Қорытындылай келе, мемлекеттік қызмет – абырой мен жауапкершілікті қатар алып жүретін мәртебелі міндет. Ол ел тағдырын шешетін маңызды сала болғандықтан, мұнда тек ең үздік, адал және отансүйгіш азаматтар еңбек етуі қажет. Мемлекеттік қызметке келген әрбір адам өз ісіне шын беріліп, елдің дамуына үлес қосса, Қазақстанның болашағы жарқын болары сөзсіз.
Д.Ахметов
Қызылорда қаласының №2 соты бас маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
