Петропавл тұрғыны «көріпкел арқылы тағдырын емдетемін» деп ойлап, қарызға батып, алаяқтың арбауына түсті. Әйел танысына сеніп, цыған «Баба Катяға» деп 4,5 миллион теңгеге жуық ақша аударған, деп хабарлайды BAQ.KZ
Оқиға өткен жылдың қазан айында басталған. Лариса Долгушина есімді тұрғын өзінің құрбысы Елена Бекетованың сөзіне сеніп, «Баба Катя» деген көріпкел арқылы «қарғысты кетіріп, отбасын сақтап қалуға» болатынына иланған. Ол ешқашан сол көріпкелді көрмеген, тіпті телефонмен де сөйлеспеген. Соған қарамастан, суреттері мен жеке заттарын «карманы тазарту үшін» беріп отырған.
Бір жылдан астам уақыт бойы әйел 4 мыңнан 700 мың теңгеге дейінгі соманы жүйелі түрде Бекетованың шотына аударып тұрған. Тіпті көріпкелдің қызметіне төлеу үшін несие мен қарыз да алған.
Лариса «Баба Катяның» көмегі шынымен әсер етті деп ойлаған – өйткені отбасындағы кейбір мәселелер түзеле бастағандай болған. Бірақ шынайы күмән ол «көріпкелмен» жеке кездесуді сұраған кезде туды: Бекетова оған «Баба Катя қайтыс болды» деп жауап берген.
Туысқандарыма айтуға ұялдым, бәрі көмектеседі деп сендім. Ал шындығында, психологқа немесе жақындарыма баруым керек еді, – дейді бүгінде өз қателігін түсінген Лариса Долгушина.
Алаяқтықтың ашылуынан кейін әйел сотқа жүгінді. Алғашында ол достықпен татуласуға дайын болған, тек Бекетова қарызды қайтарсын деген шарт қойған. Алайда айыпталушы «ақшам жоқ» деп жауап берген.
Белгілі болғандай, бұл Елена Бекетованың алғашқы қылмысы емес. 2024 жылы ол өз туған тәтесін алдап, 1 миллион теңгедей ақшасын иемденіп, шартты түрде төрт жылға сотталған.
Биылғы іс бойынша сот 44 жастағы әйелді ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен (“Алаяқтық”) кінәлі деп таныды. Судья Азамат Ашимов үкім оқыды:
Еленаны үш жылға бас бостандығынан айыру, ал бұрынғы шартты жазасы бойынша тағы бір жыл қосу, – делінген үкімде.
Осылайша, Елена Бекетова төрт жылға түрмеге қамау жазасын алды. Алайда оның кәмелетке толмаған екі баласы болғандықтан, жазаны өтеу үш жылдан кейін басталады.
Мен мұндай жазаны күткенмін, тек бірден колонияға кетемін деп ойладым, – деген сотталған әйел үкімнен кейін.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
