Алматы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкері қызметтен тыс уақытта қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегін анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Түскен ақпаратты тексеру барысында пәтерден қолдан жасалған фитозертхананың жұмыс істеп тұрғанын айғақтайтын белгілер шықты. Оқиға орнында қарсылық көрсетуге әрекеттенген екі ер адам ұсталды. ЖҚАЖ қызметкері оларды жедел түрде тоқтатып, полиция нарядын шақырды.
Оқиға орнына Алматы қаласы Наурызбай ауданы полиция басқармасының тергеу-жедел тобы келіп, деректі тіркеді, арнайы жабдықтар мен өсімдіктерді тәркіледі, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
«Арнайы бөлімше қызметкерлері үшін қызмет жұмыс уақытымен шектелмейді. Кәсіби даярлық пен жауапкершілік кез келген жағдайда, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да дұрыс шешім қабылдап, сауатты әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл оқиға – полицияның заң мен тәртіп күзетінде тәулік бойы тұрғанының айқын дәлелі. Есірткінің заңсыз айналымына қатысты кез келген факті анықталып, уақыты мен мән-жайына қарамастан қатаң түрде жолы кесіледі», – деді Алматы полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағының командирі Азамат Исергужин.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
