Қызылорда облысының полицейлері ардагер апалар мен әйел – полицейлерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Департамент бастығы полиция полковнигі Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлы полиция қатарында ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүрген погондағы аруларды шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.
«Көктемнің шұғылалы шуақты күнінде Сіздерді 8 Наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасының ұйытқысы, әр шаңырақты шаттыққа бөлеп, ортамызда көктемгі бәйшешешек гүліндей құлпырып жүре беріңіздер!
Дендеріңізге саулық, босағаларыңызға бақ – береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!» деген ізгі тілектерін жеткізді Департамент бастығы Бектөре Жеңісбайұлы.
Полиция қызметінің ауырлығына қарамастан, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген әйел қызметкерлерді құттықтау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің құттықтау жеделхаты ресми түрде оқылып, Министр Ахметжанов Марат Мұратұлының бұйрығымен өз қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, қызметтерінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген департаменттің қыз-келіншектері марапатталды.
Айтулы күнге орай, 254 әйел қызметкерлер Грамота мен Алғыс хаттармен марапатталып, 15 қызметкердің тәртіптік жазалары мерзімінен бұрын алынды. Сонымен қатар, Департамент бастығының бұйрығымен 384 әйел қызметкерлер мен мемлекеттік қызметшілер қаржылай марапатталды.
Бүгінгі мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында абыройлы қызмет етіп жүрген погондағы аруларға арнап облысымыздың өнерпаздары өнер көрсетті. Олармен қатар, салтанатты шара барысында полиция қызметкерлерінің өнері тамашаланды.
Ерекше марапатқа, құрметке ие болған қыз-келіншектерді, жалпы әйелдер қауымын «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесімен құттықтаймыз. Дендеріне саулық, босағаларына бақ пен береке, шаңырақтарына ырыс-ынтымақ, қызметтеріне абырой тілейміз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!