ҚР Конституциясының 18-бабына сәйкес, мемлекеттік органдар әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет. Заңның осы бабын басшылыққа ала отырып,ЗК-169/1 мемлекеттік мекемесінің шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталғандарға, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деген тақырыптағы Жолдауы таныстырылды.
Әділет аға лейтенанты, жасақ бастығы Нұрсұлтан Ниязов бір топ жазасын өтеуші азаматтарға, алдымен, маңызды құжаттың негізгі бағыттары бойынша шолу жасады. Атап айтқанда, ең төменгі жалақының өсуі, зейнетақының бір бөлігінің « Отбасы банкіне» аударуға рұқсат берілуі, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс жасалатындығы жайлы және тағы да басқа бағыттарға баса назар аударып, кеңінен түсіндірді.
Әділет лейтенантының таныстырылымынан соң, сотталғандардың өздері де, газет беттеріне жарияланған жолдау мәтінін қарап шығып, өзара пікір алмасып, ұнаған тұстарын атап өтті.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында, ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін көтеріледі деді. Бұл әсіресе аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасылар үшін едәуір қолдау. Менің жұбайым ауыл кітапханасында кітапханашы болып жұмыс жасайды. Жаңа жылдан кейін әйелімнің айлығы көбейсе, бала-шағамның керек –жарағына жаратар еді, – деді С. есімді сотталған.
– Маған зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға жұмсай алатындығымыз жайлы тармағы ұнады. Жақында бостандыққа шыққан соң, әйелім және жұмыс жасап жүрген үлкен ұлыммен бірігіп, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алу арқылы, баспана алуға әрекеттеніп көремін, – дейді Н.есімді сотталған азамат.
Осылайша, темір торда отырып,отбасы жағдайын ойлап алаңдаулы жүрген жазасын өтеуші азаматтар, ел Президентінің кезекті үшінші Жолдауымен танысып, көңілдері жадырап, бостандыққа деген сенімі арта түсті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!