Еркін күрестен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға қатысты іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Жарыссөз барысында прокурорлар айыпталушыны 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған, – деп хабарлайды KAZINFORM
Павлодар қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта патруль қызметкерлеріне балағат сөз айтып, күш көрсеткен Дәулет Шабанбайдың ісіне қатысты сот процесі өтіп жатыр.
«Сот кабинеті» жариялаған материалдарға сүйенсек, Дәулет Шабанбайға ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 4-бөлігі 1-тармағы бойынша айып тағылған. Бұл бап – екі немесе одан да көп билік өкіліне күш қолдану дерегіне қатысты.
Іс материалдарында айыпталушының биыл қыркүйек айында Ұлттық ұланның үш әскери қызметкеріне күш қолданғаны айтылады. Кешкі сағат 21.00 шамасында дәмхана маңында тоқтатқан патрульдердің сұрақтарына балағатпен жауап беріп, күш көрсеткен.
Атап айтқанда біреуін кеудесінен итерсе, наряд бастығын иығынан қағып жіберген.
Ал үшіншісінің көзіне соққы тиген.
Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы спортшыны орта қауіпсіздік колониясында төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Дәулет Шабанбай сотта зардап шеккендерден кешірім сұраған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
