Бұрын аса ірі көлемде ақша жымқырды және ақшаны жылыстатты деген айыппен сотталған қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қандай жаза тағайындалған еді?
Қыркүйекте апелляция қорытындысы бойынша, Боранбаев кінәлі деп танылып, 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
2023 жылғы 6 қарашада ІІМ ҚАЖК Қайрат Боранбаевтың жазасын ауыстыруға байланысты қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылғанын хабарлады. Оған дейін кәсіпкер мемлекетке миллиардтаған теңге мен ондаған бизнес-активтерді тапсырған болатын.
Оның өтелмеген жаза бөлігі бостандығын шектеуге ауыстырылды. Ол тұрғылықты жеріне өз бетінше барып, пробация қызметіне тіркеліп, оның бақылауында болуы туралы нұсқама алған.
Шартты түрде босату туралы өтініш
Боранбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші бойынша сот отырысы 2 қазанда Бостандық аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотта онлайн-форматта қаралды.
«Сот отырысы барысында сотталған өз өтінішін қайтарып алды, соған байланысты сот оның өтінішін қараусыз қалдырды», – деп хабарлады Алматы сотының баспасөз хатшысы.
Еске салайық, биылғы 20 маусымда кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың ағасы Мұрат Боранбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Ол Алматыдағы ақылы автотұрақтар ісі бойынша басты фигурант әрі қылмысты ұйымдастырушы деп айыпталды. Мемлекеттік сатып алу сайтында 2017 жылы Мұрат Боранбаевтың «Alan Parking» ЖШС басшысы болғаны жөнінде ақпарат жарияланған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!