Алматы әуежайында жас жігіттен патрон табылды. Оған ірі көлемде айыппұл салынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы 2025 жылы 21 қарашада Көліктегі ПД бастығының орынбасары Мәлік Қайбар мәлімдеді.
«Алматы әуежайында 22 жастағы студенттен ұшу алдындағы тексеру кезінде 9×18 мм калибрлі патрон табылып, тәркіленді. Сот шешімімен оған 200 АЕК (786 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл бір ғана оқ-дәрінің өзі заң бұзушылық болып саналатынын және ауыр салдарға әкелуі мүмкін екендігін көрсетеді», – деді Мәлік Қайбар.
Тағы бір оқиға. Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Теміртау қаласының 30 жастағы тұрғынынан тегіс ұңғылы мылтық тапты. Сот құқықбұзушыға бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Мәлік Қайбар ұшақтар мен пойыздарда кастеттер, пышақтар, электршокерлер, оқ-дәрілер, қару-жарақ, пиротехникалық бұйымдар және өзге де қауіпті заттарды тасымалдауға қатаң тыйым салынатынын айтады.
«Алайда, Көліктегі полиция департаменті қызметкерлерінің тұрақты профилактикалық жұмысына қарамастан, азаматтар Қазақстан Республикасы аумағында айналымына тыйым салынған суық қаруға жататын заттарды кейде білместікпен сатып алып, тасымалдап жатады. 2025 жылдың басынан бері Көліктегі ПД-да суық қаруды заңсыз алып жүру, сақтау және тасымалдау фактілері бойынша 496 қылмыстық іс тіркеліп, 133 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған», – дейді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
