Қазақстан Республикасының Бас прокуроры 2026 жылғы 6 қаңтардағы бұйрығымен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару қызметі туралы ережені бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Аталған қызмет ҚР Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
Қызмет құрамына мыналар кіреді:
- мониторинг, талдау және тексерулер басқармасы;
- активтерді қайтару шаралары басқармасы;
- Бас прокурордың аға көмекшісі (ұйымдастырушылық-бақылау жұмысы);
- Бас прокурордың көмекшісі (халықаралық байланыстар жөнінде).
Қызметтің негізгі міндеттері:
- «Мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы» заңда көзделген өкілеттіктер шегінде заңсыз иемденілген активтерді анықтау және оларды мемлекетке қайтару;
- заңсыз иемденілген, оның ішінде елден шығарылған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған шараларды іске асыру;
- активтерді қайтару мәселелері бойынша халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту;
- Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері мен Президент актілеріне сәйкес өзге де міндеттерді орындау.
- мемлекет атынан және оның мүддесі үшін активтерді қайтару жөніндегі қызметті жүзеге асыру;
- активтерді заңсыз иемденуге, оларды елден шығаруға және қайтаруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ақпаратқа мониторинг пен талдау жүргізу, заңда айқындалған субъектілер мен олардың аффилиирленген тұлғаларына қатысты заңсыз шығарылған активтер туралы ақпаратты іздеу, жинау, өңдеу, жүйелеу және бағалау;
- қайтаруға жататын активтерге аудит және бағалау жүргізу, оның ішінде үшінші тұлғаларды тарту арқылы;
- активтің сатып алыну көздерінің (шығу тегінің) заңдылығын заңнамаға сәйкес тексеру;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және лауазымды тұлғалардан ақпарат пен материалдар сұрату;
- заңда көзделген әлеуетті субъектілерге және олардың аффилиирленген тұлғаларына қатысты, сондай-ақ өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеу және (немесе) жүргізу;
- активтерді ерікті түрде қайтару туралы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және олар бойынша заңда белгіленген тәртіппен шешім қабылдау;
- мүлікті тәркілеу және активтерді қайтару саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу;
- активтерді қайтару жөніндегі қызмет нәтижелерінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету;
- мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның тиімді қызметін қамтамасыз ету;
- Конституциялық заңдарда, заңдарда, Президент пен Бас прокурордың актілерінде көзделген өзге де функцияларды орындау.
Қызметті оның басшысы басқарады және Қызметке жүктелген міндеттердің орындалуына, сондай-ақ функциялардың жүзеге асырылуына дербес жауапты болады.
Қызметтегі жалпы және құпия іс жүргізу прокуратура органдарындағы құжат айналымы қағидаларына және құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастырушылық-өкімдік актілерге сәйкес жүргізіледі.
Аталған бұйрық 6 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.
Еске салайық, 2025 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы Бас прокуратураның кейбір функцияларын трансформациялау ниеті бар екенін мәлімдеген болатын.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
