1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен оған қарасты мекеме қызметкерлері «Қазақстан балалары» онкүндігі және «Әлемді бірге көрейік» республикалық акциясы аясында бірқатар қайырымдылық шараларын өткізді. Бұл іс-шаралар арқылы олар балаларға шаттық сыйлап, мейірім мен қамқорлық танытты.
Департамент қызметкерлері Қызылорда қаласындағы №5 арнайы мектеп-интернатына барып, көру мүмкіндігі шектеулі тәрбиеленушілерге Брайль әліпбиі мен дойбы жиынтықтарын табыстады. Бұл сыйлықтар балалардың танымдық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған маңызды қолдау болды.
ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет полковнигі Шаймерден Тәжіқұлұлы, орынбасары әділет полковнигі Мейрам Гарипулаұлы және басқа да қызметкерлер Талсуат ауылындағы Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына арнайы барып, ондағы балаларға сыйлықтар табыстап жылы лебіздерін білдірді.
Бүгінгі мереке – бәрімізге ортақ. Себебі бала қуанса, бәріміз қуанамыз. Балалар аман болсын, денсаулығы мықты болсын! Жолдары ашық болып, армандарын бағындырсын.”,- деді департамент бастығы. Ал департаменттің №60, №68 және №37 мекеме ұжымдары “Атамекен” отбасы үлгісіндегі балалар ауылына және Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, балаларға тәттілер мен ойыншықтар тарту етті. Бұл бастама балаларға ерекше әсер сыйлап, олардың жүздеріне күлкі ұялатты.
Қызылорда қалалық пробация қызметі де акцияға белсене қатысып, мамандандырылған сәбилер үйіндегі балаларға сый-сияпат жасады. Мұнда 1 жастан 4 жасқа дейінгі 69 бала тәрбиеленуде. Игі шара аясында дамытушы ойыншықтар, алғашқы қадамға арналған жүргіштер, бояу құралдары, сурет дәптерлері, ермексаз және тіл дамыту кітаптары тарту етілді.
Осы игі бастама аясында балаларға шынайы қуаныш пен жылылық сыйлаған ҚАЖ департаментінің басшылығына және барша қызметкерлерге мекеме ұжымдары алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!