Қарағанды облысының прокуратурасы «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жаңа жобаны іске қосты. Жоба аясында құқықтық ақпаратты қолжетімді ету үшін QR-код енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оны қоғамдық орындарда, көлікте, оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде және басқа да әлеуметтік нысандарда орналастыру жоспарлануда. QR-код арқылы азаматтар алаяқтықтан қалай сақтану, нашақорлыққа қатысты қылмыстардан қалай қорғану, отбасылық зорлық-зомбылық жағдайында қайда жүгіну сияқты пайдалы ақпараттарды ала алады.
Кәсіпкерлер және еріктілермен өткен кездесуде прокуратура өкілдері жобаны қолдауға шақырды. Сондай-ақ, есептеу-қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне QR-кодты төлем түбіртектерінде орналастыру ұсынылды.
Прокуратураның хабарлауынша, жоба тұрғындарға қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпарат, кеңестер менжаңалықтарды қолжетімді түрде алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда сервис алты блоктан тұрады: интернет-алаяқтық, нашақорлыққа қатысты қылмыстар, дропперлік, жол қауіпсіздігі, даулы жағдайлар және интернеттегі этика мен мінез-құлық. Облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеровтың айтуынша, ақпарат үнемі жаңартылып, өзекті тақырыптар мен жаңа бөлімдермен толықтырылатын болады.
Қазақстанда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Ол заңдылықты нығайтуға және халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған. Облыстық прокуратура құқық бұзушылықтың алдын алу туралы ақпаратты қамтитын QR-код әзірледі. Онда ақпарат қысқаша, түсінікті көрсетілген, видеороликтер мен қауіпсіз мінез-құлыққа арналған кеңестер бар. Құқықтық сауаттылығы бар адам жағымсыз жағдайлардан қорғануға дайын, – дейді Қарағанды облысы прокуратурасының бірінші басқармасының бастығы Алмаз Бекмағамбетов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
