Берік Асылов Құқық қорғау органдары академиясының ұжымына жаңа ректорды – әділеттің 3-сыныпты мемлекеттік кеңесшісі, PhD докторы Нұрғалим Мәжітұлы Әбдіровті таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа басшы – аймақтық құрылымдардан бастап, Бас прокуратурадағы жоғары лауазымдарға дейінгі жолдан өткен тәжірибелі прокурор.
Бас прокурор Академия алдына ауқымды міндеттер қойды. Негізгі басымдықтар қатарында – білім беру бағдарламаларын заманауи талаптарға сай жаңғырту, әсіресе жасанды интеллектті енгізу, киберқылмыс пен өзге де заманауи қатерлерге тиімді төтеп бере алатын сертификатталған мамандар даярлау, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің қолданбалы сипатын күшейту бар.
Сонымен қатар ол Академияның ғылыми басылымдарының халықаралық деңгейде мойындалуының, тыңдаушылардың бойына тәртіп, қызметке және мемлекетке адалдық сияқты жеке қасиеттерді дарытудың, шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Берік Асылов ортақ күш-жігердің арқасында Академия еліміздің бүкіл прокуратура және құқық қорғау жүйесі үшін маңызды ғылыми-білім беру орталығы ретінде өз позициясын нығайтатынына сенім білдірді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!