Бейсенбі, 26 желтоқсан, 22:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Құқық қорғау қызметкерлеріне құрмет

31.12.2020

1580 0

Шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев полиция қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жыл қорытындылар тұста құқық қорғау саласы қызметкерлерінің ел үшін атқарған еңбектерін ерекше атап өтті.

– Ел тыныштығын сақтап, Тәуелсіздікті нығайту жолындағы сіздердің еңбектеріңіз ерен. Қазақстан полициясы егемен еліміздің тыныштығын, өміріміздің қауіпсіздігін абыроймен күзетуде ерен ерліктің үлгісін көрсетуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Құқық қорғау органдарының нәтижелілік өлшемі сандық көрсеткіштермен емес, азаматтар мен заңды тұлғалардың сенімін арттырудың индикаторы болатын жұмыс сапасы болуы тиіс» деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында құқық қорғау жүйесін толық реформалау аса маңызды міндеттердің бірі екенін айқындап берді. Құқық қорғау саласы қызметкерлеріне материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін барлық жағдай жасалып келеді. Қауіпсіздік қай мемлекетте болмасын, кезек күттірмейтін мәселе. Сала ардагерлері салып кеткен сара жолын қырағы қызметкерлер лайықты жалғастырып келеді деп есептеймін. Алдағы уақытта да Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру жолында бар білімдеріңіз бен күш-жігерлеріңізді аямай қызмет етеді деп сенемін, – деді қала әкімі.

Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп ұлтын сүю жолында ұрпағына ұран тастаған еді. Сол бір сөз күллі қазақ жастарының жігерін жанып, намысын қайраған болатын. Расымен, құқық қорғау саласында жұмыс жасайтын кез келген азамат алдымен өз Отанын шексіз сүйе білуі керек. Сонда ғана қызметіне деген адалдығы айқын сезіліп тұрады.

Шара барысында шаһар басшысы бір топ сала қызмет­керлерін алғыс хатпен марапаттады.

– Біз қашанда елдің тыныштығы жолында жұмыс жасаймыз. Сәт сайын кез келген жағдайға әзір тұрамыз. Қандай істе болса да алдымен өз жұмысыңа деген жауапкершілік бірінші орында тұрады. Сондықтан да болар шаршап қалжырау болған емес. Қазіргі таңда қала тыныштығы түзеліп, тынысы кеңейіп келеді. Бүгінгі марапат кешегі карантин кезіндегі ел саулығы жолында  жасаған жұмыстың жемісі деп білемін, – дейді полиция аға лейтенанты Нұрбек Құрманбекұлы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: