Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы О.Шораяқов атындағы №30 мектепте қызметтік борышын атқару барысында қаза тапқан полиция капитаны Әбішев Кеңесбек Махметханұлының құрметіне арналған «Жас сақшы» сыныбының ашылу рәсімі өтті. Шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және «Заң және Тәртіп» қағидаттарын дәріптеу.
Салтанатты жиынға Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Смағұлов Самат Қыдырбекұлы, департаменттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов, сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты.

Құттықтау сөзінде қатысушылар жас буынның ел тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауға үлес қосатын лайықты азамат болып қалыптасатынына сенім білдіріп, «Жас сақшы» сыныбының мақсат-міндеттеріне тоқталды. Рәсім барысында жас сақшылар салтанатты түрде ант қабылдап, оларға арнайы куәліктер табысталды.
Шара барысында қызметтік міндетін атқару кезінде жұлдызы ерте сөнген Кеңесбек Әбішевтің өмір жолы мен ерліктері туралы деректер айтылып, көпшілікке оның халқына адал қызмет еткен адал азамат екені тағы да еске салынды.
Кеңесбек Махметханұлы Әбішев 1958 жылы 20 наурызда Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Ақарық ауылында дүниеге келген. Есет батыр ауылындағы №124 мектепті тәмамдаған соң, 1975–1977 жылдары Мәскеу қаласында әскери борышын абыроймен өтеді.
1978 жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түсіп, кейін отбасын құрғаннан кейін оқуын Қызылорда қаласындағы Гидромелиоративтік институтта жалғастырып, сол жерде аяқтады. Әр түрлі салаларда еңбек еткеннен кейін, 1990 жылы Шымкент қаласындағы №9 полиция қызметкерлері курсын тәмамдап, 1991 жылдан бастап туған жерінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етті.

1997 жылы лауазымды қызметке ұсынылып, майор шенін алу қарсаңында 23 қыркүйек күні қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапты. Қысқа ғұмырында «Тәртіпке бағынған құл болмас» қағидасын берік ұстанып, ел есінде адал әрі ержүрек полиция қызметкері ретінде қалды.
Жары Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдаған, 1982–2021 жылдары үздіксіз еңбек етіп, құрметті ұстаз атанған жан. Анасының мейірімі мен қажырлы еңбегінің арқасында бес перзенті бүгінде білікті маман атанып, үлгілі шаңырақ иелері болып отыр.
Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған бұл шара жаа сақшылардың төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырып, алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігі және құқықтық тәртіп негіздеріне баулуды көздейді.
Салтанатты шара соңында Қызылорда облысы Полиция департаментінің арнайы жасақ қызметкерлері жауынгерлік дайындық тәсілдерін көрсетіп, жас өрендер өз өнерлерін ұсынды.

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!